Атырауда мұнай-газ саласының ірі көрмесі өтіп, онда әр компанияның жетекші өкілдері бас қосты, деп хабарлайды AtyrauPress.
Іс-шаралар озық технологияларды таныстыру, тәжірибе алмасу және кәсіби диалог орнату мақсатында ұйымдастырылды.
Көрмеге Австрия, Әзірбайжан, Германия, Үндістан, Қазақстан, Қытай, Польша, Ресей және АҚШ елдерінен 85 компания қатысты. Экспоненттердің шамамен 40%-ы өз өнімдерін алғаш рет ұсынды. Сонымен қатар, 9 компанияның қатысуымен ірі габаритті техника мен жабдықтардың ашық экспозициясы ұйымдастырылды.

Іскерлік бағдарлама аясында мұнай-газ жобаларын дамыту, инфрақұрылымды жетілдіру, мұнай-химия өндірісін кеңейту, сондай-ақ цифрлық технологияларды енгізу мәселелері талқыланды. Қатысушылар жасанды интеллект, автоматтандыру және өндірістік процестерді цифрландыру бағыттарына ерекше назар аударды.
Көрме аясында өндірістік нысандарға таныстыру сапарлары ұйымдастырылып, қатысушылар өңірдегі индустриялық жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысты.

Іс-шараның ұйымдастырушысы — Iteca көрме компаниясының өкілі Гаухар Бекманова көрменің маңызын атап өтті.
-Atyrau Oil&Gas және AtyrauBuild көрмелері салалық диалогты дамытуға, жаңа технологияларды енгізуге және әріптестік байланыстарды нығайтуға ықпал етеді. Биыл халықаралық қатысушылардың жоғары белсенділігі байқалды, - деді ол.
Көрме барысында жергілікті мазмұнды дамыту мәселесі де көтерілді. “Теңізшевройл” компаниясының өкілі Стив Коннердің айтуынша, кәсіпорын отандық жеткізушілермен ынтымақтастықты жүйелі түрде дамытып келеді.

-2025 жылы компания қазақстандық жеткізушілерден шамамен 1,8 млрд АҚШ долларына тауарлар мен қызметтер сатып алды. 1993 жылдан бері бұл көрсеткіш 52,3 млрд долларды құрады. Өткен жылы жергілікті қамту үлесі 71%-ға жетті, - деді ол.
Айта кетейік, көрмеге Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі, Атырау облысының әкімдігі, «ҚазМұнайГаз», KAZENERGY, PETROCOUNCIL және басқа да ұйымдар қолдау көрсетті.
Көрменің бас серіктесі - Теңізшевройл, ал алтын серіктесі - Каспий Құбыр Консорциумы.
Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ