Атырауда Мухаддас Ғабдиевтің «Сырнайдың сазды әуені» атты шығармашылық кеші өтті

Облыстық халық шығармашығы орталығында Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау универсетінің «Музыка және өнер» кафедрасының аға оқытушысы Мухаддас Ғабдиевтің «Сырнайдың сазды әуені» атты шығармашылық кеші өтті

Атырау облысы әкімдігі, облыстық мәдениет және архив істері басқармасы және Дина Нұрпейсова атындағы академиялық қазақ халық аспаптар оркестрі ұйымдастырған іс-шараға сырнайшының өнер жолындағы достары және студенттер қатысты.

Аталған кеште Д.Нұрпейсова атындағы академиялық қазақ халық аспаптар оркестрі, өнер иесінің өзі және ҚР Еңбек сіңірген әртісі Анатолий Гайсин, «Құрмет» орденінің иегері Қайрат Какимов, Халықаралық, Республикалық конкурстардың лауреаттары: Арыстанбек Ғабдиев, Бибіфатима Азиева, Артур Ғабдиев, Ақбөкен Темір өнер көрсетті.


Шығармашылық кешке қатысқан Х.Досмұхамедов атындағы Атырау универсетінің ректоры Саламат Идрисов өнер иесін құттықтап, алғыс хат табыстады.


- Бүгін атыраулық өнер сүйер қауым үшін сіз өзіңіздің «Сырнайдың сазды әуені» атты жеке концертіңізбен үлкен мереке, тамаша кеш сыйладыңыз.  Қазақта «асылдың сынығы, тұлпардың тұяғы» деген сөз бар. Біз де өзіңізді қазақ өнерінің ең ірі тұлғаларының бірі, атақты күйші Рыспай Ғабдиевтің ұлы, дарынды тұлғаның өнер әліміндегі, музыка өнеріндегі ізін жалғастырушысы ретінде танимыз. Өзіңіздің шығармашылық кешіңізде сырнай сазының сан түрлі әуендерін, әлемдік композиторлар мен отандық сазгерлердің, классикалық туындылардан бастап заманауи туындыларға дейін шебер орындадыңыз. Бүгінде баян - аккардеон аспабында өзіңіздің көптеген шәкірттеріңізді тәрбиеледіңіз. Шәкірттер дайындау ісіндегі үлесіңіз үшін Сізге университеттің Құрмет грамтотасын тапсыруға рұқсат етіңіз, - деді С.Идрисов.