Атырауда 1 шілдеге дейін мүмкіндігі шектеулі азаматтар Смарт карталары мен мүгедектігін растайтын төлқұжаттарының көшірмесін «Smart Qala» ЖШС-нің Whats Аpp нөміріне жіберулері тиіс, деп хабарлайды AtyrauPress.
Автобустағы төлемақы қабылдау жүйесіндегі жаңартуларға байланысты 1 шілдеге дейін 1, 2 және 3 топ мүгедектері Смарт карталары мен мүгедектіктерін растайтын төлқұжаттарының фотосын +7-701-348-02-54 Whats Аpp нөміріне жіберуі тиіс.
Бүгінде 900-ден астам адам тіркеліп, мүгедектігі мен Смарт карталарын растап отыр. Жалпы, жол жүру картасын 6649 I және II топ мүгедегі алған. Олар тегін жүреді. Ал 2621-і III топ мүгедегі.
«Smart Qala» ЖШС-нің директоры Ләззат Досмағамбетованың айтуынша, смарт карталар расталмаған жағдайда жүйеден шығып, тегін жүру мүмкіндігінен айырылады.
«Ешқайда барудың қажеті жоқ. Үйде отырып-ақ, көрсетілген нөмірге құжаттарын фотоға түсіріп жіберсе болғаны. Ал келем десеңіздер М.Төлебаев көшесіндегі 44 А үйде қабылдаймыз», - деді Л.Досмағамбетова.
Сонымен қатар, 1 шілде мен 1 тамыз аралығында мүгедек балаларды асырап алушылар да осылайша құжаттарын растап, қайта тіркелуі қажет.
Айта кетейік, I және II топ мүгедектері автобустарда тегін жүреді. Ал III топ - жол ақысының жартысын төлейді. Қазір қоғамдық көліктердегі жол билеті 80 теңге.
Эльмира МЫҚТЫБАЕВА