Жаз мезгілінде көлік қарқынының артуына орай патрульдік полиция қызметкерлері жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында патрульдеуді үздіксіз жүргізуде, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Басты мақсат – баламалы көлік түрінің жүргізушілері тарапынан жіберілетін заң бұзушылықтарға және түрлі оқыс оқиғалардың орын алуына жол бермеу. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім етті. Осы ретте, 11 шілде күні Атырау облысы полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы полиция полковнигі Ерлан Биғамбаевтың төрағалығымен Атырау қаласы полиция басқармасының жеке құрамына саптық жиын өтті.
Жиын барысында жастар мен жасөспірімдер арасындағы мотокөліктерге деген қызығушылықтың артып, түрлі апаттық жағдайлардың орын алуы айтылды. Мотокөліктің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының негізгі себептері: белгіленген жылдамдық режимін сақтамау, қарсы қозғалыс жолағына шығу, қиылыстардан өту ережелерін бұзу, маневр жасау. Мәселен, жыл басынан бері мотокөліктердің қатысуымен 106 жол-көлік оқиғалары орын алып, 5 адам қайтыс болды. Ал, 1 аптаның ішінде 73 құқық бұзушылық анықталып, ҚР ӘҚБтК-нің 615-бабы бойынша әкімішілік хаттама жасақталды.
- 11 шілде күні патрульдік полиция қызметкерлерімен бірлесіп атқарған жұмыс кезінде 1 күн ішінде мотокөліктердің қатысуымен орын алған 45 құқық бұзушылық дерегі анықталды. Осы бағытта біз қызметтің күшейтілген түрінде қызмет атқарып, азаматтарға қауіпсіз жағдай жасау үшін қоғамдық құқықтық тәртіпті сақтау мақсатында барлық шараны қамтамасыз етеміз, - деп атап өтті Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы полиция полковнигі Ерлан Биғамбаев.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ