Соңғы кезде мұнайлы астанада мопедтер саны күрт көбейіп тұр, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Атырауда электр қуатымен жүретін көліктер көбейіп келеді. Сәйкесінше, олардың қатысуымен орын алатын келеңсіз жайттар да жиіліп отыр. Биылдың өзінде олардың қатысуымен 135 жол-көлік оқиғасы тіркеліп үлгерген. Статистикаға сүйенсек, сегіз айда жол апатынан алты адам қаза тауып, жетпіске жуығы жарақат алған. Патрульдік полиция батальонының командирі Даурен Насиполла мопед тізгіндеген жүргізушілер жол ережесін былай қойғанда, қарапайым каска киюді де естен шығарады.
- “Мотоцикл” жедел-профилактикалық іс-шарасы нәтижесінде 1,5 мыңнан аса жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұдан бөлек, мопедшілерге жылдамдықты азайтып, жол ережесін бұзбауға ескертулер де берілуде, - дейді ол.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ