Атырауда мопедтің қатысуымен екі адам ажал құшты... (+ВИДЕО)

Облыстық полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы, полиция полковнигі Ерлан Биғамбаев тұрғындарға Үндеу жасады, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

"Жазғы демалыс уақытында электросамокат, мопед, мотокөлік құралдарымен аман-есен жүріп тұруларыңыз және жол-көлік оқиғаларын алдын алу бойынша ескерту үндеу жолдағым келеді. 2023 жылдың 30 тамызынан бастап шағын электр көліктері мен электросамокат пайдалануды реттейтін «Жол жүрісін ұйымдастыру мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң күшіне енді. Жол қозғалысы туралы Заңының 57-бабында электросамокат жүргізушілерінің құқықтары мен міндеттері толық көлемде айқындалған. Қазіргі уақытта танымал көлік құралдарына айналған электросамокат пен мопедтерді пайдалану олардың иелері тарапынан ерекше назар аудару мен жауапкершілікті талап етеді.

Полиция қызметкерлері тарапынан бұқаралық ақпарат құралдарында және интернет-ресурстарда жүргізіліп жатқан түсіндіру жұмыстарына қарамастан, электросамокат пен мопедтердің қатысуымен жол-көлік оқиғалары жиілеген. Мәселен, жыл басынан бері облысымызда электросамокаттың қатысуымен 4 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, бір адам қаза тауып, бір адам түрлі жарақат алды.

Сонымен қатар, мопед көлік құралдарымен есепті мерзімде 96 жол-көлік оқиғасы тіркелді, онда екі адам қаза тауып, 48 адам түрлі жарақат алды. Аталған көлік құралдарымен балалардың қатысуымен орын алатын жол-көлік оқиғаларыда жиілеп отыр. Атап айтқанда, сәуір айының 26-сы күні Құрманғазы-Луговая көше қиылысында жолаушы ретінде мопед көлігінде отырған 2006 жылы туған жасөспірім соқтығыс кезінде ауыр жараланып, оқиға орнында қаза болды.

Сонымен қатар, 16 маусым күні мопед көлігін басқарған 2009 жылы туған жасөспірім «Ваз» автокөлігімен соқтығысып, салдарынан жасөспірім мопед жүргізушісі ауыр жараланып, облыстық аурухананың жансақтау бөліміне түскен. Самокат пен мопед құралдарына қатысты жол апаттарының алдын алу мақсатында Департаментпен жыл басынан бері 870 құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде жасөспірімдердің осы көлікті басқарғаны үшін олардың ата-анасына қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 127-бабымен 20 әкімшілік хаттама жасақталып, жауапкершілікке тартылды. Аталған құқық бұзушылықтар негізінде 500-ден аса мопедтерді басқаруға шектеу қойылып, олар айып тұрағына қойылды.

Құрметті ата-аналар! Қазіргі уақытта балалардың демалыс кезіндегі жолда жүру қауіпсіздігі сіздерге толықтай жүктелгендіктен балаларыңыздың аталған көлік құралдарын пайдалануын қатаң бақылауды және электросамокат, мопед жүргізушілеріне жол қозғалысы қағидаларын қатаң сақтауды ескертемін" делінген Үндеуде.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ