Атырауда мешіттерде ауызашар беріле ме?

Бұл сауалға «Иманғали» орталық мешітінің бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы жауап берді, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

"Жалпы, Рамазан айы – мектеп болса, оның ұстазы – ораза. Бұл айда 30 күн оразасын ұстап, тек жақсылық жасаумен өтеміз. Рамазан айын жоғары деңгейде өткізу үшін облыстағы мешіттер де үлкен дайындық үстінде. Облыстағы мешіттердің көлемі кішкентай болуына және асханалардың болмауы мен күннің суықтығына байланысты биыл мешіт жанынан киіз үйлер тігілмейді. Алайда, орталық мешіт ішінде ауызашар беруге ниетті жандардың көмегімен 200-300 адамға дейін күнделікті ауызашар берілетін болады. Ал, басқа мешіттердің ішінен 100-150 адамға арнап ауызашар ұйымдастырылатын болады" деді өңірдің бас имамы.

Сонымен қатар, Атырау облысы Дін істері басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қаһарман Мусаев Рамазан айында тұрғындар тарапынан болатын заңбұзушылықтар туралы айтып өтті.

"Рамазан айы кезінде кейбір мейрамхана немесе кафелер тарапынан ораза ұстаушыларға арнайы ауызашарлар беріліп жатады. Онымен қоса намаз оқуына ыңғайлы болуы мақсатында шағын намазхана бөлмелерін ашады. Бұл әрекет дұрыс. Алайда, «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңның 7-1 тармағына сәйкес намазхана бөлмелерін ашу туралы Дін істері басқармасына хабарлама жіберу керек. Мейрамхана иесінің тарапынан ондай хабарлама жіберілмей, құзырлы органдар анықтаған жағдайда ӘҚБТК-нің 490-бабына сәйкес заңсыз деп танылып, айыппұл төлеуге алып келуі мүмкін. Осындай келеңсіз жағдайға тап болмас үшін қазірден бастап, орталық мешітпен ақылдасып, Дін істері басқармасына хат жолдаса, біз қарсы болмаймыз" деді Қ.Мусаев.

Айта кетейік, бүгін, яғни, 11 наурыз күні қасиетті Рамазан айы басталды. Ол 9 сәуір күні аяқталады. Ал, сәуірдің 5-нен 6-на қараған түн – қасиетті Қадір түні. Сондай-ақ, 10 сәуір күні Ораза айт өтеді. 

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Фото: ашық дереккөз