Атырауда мереке күндері полиция қызметі күшейтілді

Ұлыстың ұлы күні қарсаңында Атырау қаласында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары күшейтілді, деп хабарлайды AtyrauPress.

22 наурыз – Наурыз мейрамы қарсаңында Атырау қаласында ауқымды рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылды. Негізгі мақсат – қоғамдық тәртіпті сақтау және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.Рейд барысында полиция қызметкерлері қала көшелері мен қоғамдық орындарды патрульдеп, құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында жұмыстар жүргізді. Әсіресе, адамдар көп жиналатын орындарда бақылау күшейтіліп, қауіпсіздікке ерекше мән берілді.
Сонымен қатар жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жүргізушілермен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, жол ережелерін сақтау қажеттілігі ескертілді.
Шараға Атырау облысы полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Әбдіғани Тойшыұлы қатысып, қызмет барысын бақылауға алды.
— Мереке күндері азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – басты міндет. Осыған орай, полиция қызметкерлері күшейтілген режимде жұмыс істеп, қала аумағында рейдтік іс-шараларды тұрақты түрде жүргізуде, – деді ол.