Атырауда мемлекеттік рәміздер ұлықталды

Атырауда 4 маусым — Мемлекеттік рәміздер күніне орай салтанатты іс-шара өтті, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

 Оған аймақ басшысы Серік Шәпкенов, жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарының өкілдері, қоғам белсенділері мен жастар қатысты. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі мәлім етті. Ресми рәміздер алаңында өткен іс-шарада Мемлекеттік туды көтеру рәсімі өтті. Жиынға қатысқан облыс әкімі Серік Шәпкенов атыраулықтарды атаулы күнмен құттықтап, рәміздердің ел үшін маңыздылығына тоқталды.

- Мемлекеттік рәміздер жай ғана белгілер емес. Олар халықтың рухын, ұлттың болмысын, мемлекеттің өткені мен болашағын айқындайтын қасиетті нышандар. Туымыз – көк аспандай кеңдік пен тыныштықтың, қырандай еркіндік пен биіктіктің белгісі. Ал елтаңбамыздағы шаңырақ пен пырақ бейнесі халқымыздың тұтастығы мен тарихи тамырын көрсетеді. Әнұранымыз ел рухын көтеріп, болашаққа деген сенімді нығайтады. Мемлекеттік рәміздерді құрметтеу – заң талабы ғана емес, ел болашағына деген құрметтің көрінісі. Әрбір азамат үшін бұл күн – патриоттық рухты жаңғыртып, тәуелсіздіктің қадірін терең сезінуге мүмкіндік,- деді аймақ басшысы С.Шәпкенов.

Іс-шара концерттік бағдарламамен қорытындыланды.

Сәуле МАҒАУ

Фото: AtyrauPress