Атырауда мемлекеттік орган атышулы тұрғын үй кооперативінің үлескерлерімен кездесті

Бүгін Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Бекеновтың төрағалығымен атышулы «Жібек жолы» тұрғын үй кооперативінің үлескерлерімен кездесу өткізілді.

Кездесуге облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшылары да қатысты. Сонымен қатар, аталмыш жиынға қалалық полиция басқармасының аға тергеушісі М. Қадыров та қатысып, «Жібек жолы» тұрғын үй кооперативінің құрылтайшыларына қатысты көтерілген қылмыстық істің тергеу барысы туралы баяндап берген болатын. Полиция өкілінің атап өткеніндей, тергеу барысы мардымды жүргізіліп келеді, қылмыстық істі келесі айда-ақ, тамызда сотқа тапсыру көзделуде.

Тергеу амалдары тәмәмдалған соң, «Жібек жолы» және «Ақ Маржан»  тұрғын үй кешендерінің құрылысын аяқтау үшін әкімдік инвесторларды тартуға кірісетінін үлескерлерге тағы бір мәрте түсіндірілді. Айта кетейік, аталмыш қос тұрғын үй кешенінің де құрылтайшылары бір тұлғалар.

«Осы атышулы жағдай Атырау облысы әкімі Серік Шәпкеновтың толық қадағалауында. Даулы мәселеге қатысты және жалпы алғандағы Атырау қаласы аумағындағы өзге де тұрғын үй кешендерін салу бойынша да өңір басшысы бірнеше мәрте кездесулер мен жиындар өткізді,- дейді мемлекеттік сәулет- құрылыс бақылау басқармасының басшысы Ерлан Қабдинов.

Қабдинов мырза үлескерге түсіндіргеніндей, «Жібек жолы» және «Ақ Маржан» тұрғын үй кешендерін аяқтау үшін инвесторларды іздеу тек сот үкімі шыққан соң жүзеге асатынын мәлімдеді. Өйткені, тергеу барысында нақты келтірілген шығын көлемі ылғи өзгеріп тұрған көрінеді.

«Оның үстіне, құқыққорғау органдарына арызданбаған да үлескерлер бар. Соның салдарынан әлі де келтерілген шығын көлемін анықтау қиынға соғып тұр. Өйткені, болашақ инвесторларға салынажақ қаражат көлемінің нақтылы көлемі қажет,- дейді Е. Қабдинов.
Оның айтуынша, осынау талапты ірі- ірі құрылыс  компанияларының құрылтайшылары болып табылатын инвесторлар аталмыш тұрғын үй кешендерінің үлескерлерімен сәуір айында өткен кездесу барысында алға тартты. Бұл кездесу де Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Бекеновтың төрағалымен өткен еді.