23 маусым - Мемлекеттік қызметші күніне орай, мемлекеттік қызметтің имиджін арттырып, өз міндеттерін үлгілі атқарған мемлекеттік қызметшілер салтанатты жиын барысында марапатталды, деп хабарлайды AtyrauPress.
Салтанатты іс-шараға қатысқан облыс әкімі аппаратының басшысы Болат Исаков және ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы Ерлан Ермаханбетов мемлекеттік қызметтің маңыздылығын, мемлекеттік қызметшілердің қоғамдағы рөлі мен жауапкершілігін айта отырып, барлығын кәсіби мерекемен құттықтады.
Сондай-ақ, мемлекеттік қызметті дамытуға елеулі үлес қосқаны үшін Атырау облысы жер қатынастары басқармасының басшысы Әлібек Ермекқали және Мақат аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Гүлжанар Өтешова «Үздік мемлекеттік қызметші» төсбелгісімен және салада ұзақ жылдар еңбек етіп, қызметтік міндеттерін үлгілі атқарған бірқатар мемлекеттік қызметшілер облыс әкімінің, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті басшысының алғыс хаттарымен марапатталды.
Сондай-ақ, қызмет көрсетушілердің мәртебесін арттыру, ынталандыру мақсатында ұйымдастырылған «Үздік сапалы қызмет көрсетуші» республикалық конкурсының өңірлік деңгейдегі жеңімпаздары – Атырау облысы экология департаменті, ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Атырау облысы бойынша басқармасы, Исатай ауданы экономика және қаржы бөліміне департамент басшысының арнайы дипломдары табысталды.
Кәсіби мерекені тиісті деңгейде атап өту мақсатында ұйымдастырылған спартакиаданың командалық есептегі жеңімпаздары – I орын – Атырау облысы мемлекеттік кірістер департаменті, II орын – Атырау облысы әкімдігі, III орын – Құрманғазы ауданы әкімдігінің командалары марапатталып, кубоктар табысталды.
Атап өту қажет, облысымызда үш мыңға жуық мемлекеттік қызметші еңбек етеді. Олардың 34%-ын ерлер, 66%-ын әйелдер құрайды. Ал, саяси қызметкерлер саны – 12. Гендерлік саясат бойынша басшылық лауазымдардағы әйелдердің үлесі 33%-ға тең болса, жастардың үлесі 16%-ды құрап отыр.
Өңірдегі мемлекеттік қызметшілердің қатарында «Болашақ» халықаралық стипендиясы және ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының 14 түлегі қызмет етіп отыр.
Эльмира МЫҚТЫБАЕВА