Мемлекеттік басқару академиясында модульдік бағдарламалар бойынша қосымша оқуға құжат қабылдау басталды

Қажетті құжаттар 30-шы қарашаға дейін ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының арнайы ақпараттық жүйесі арқылы онлайн форматта қабылданады. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Атырау облысы бойынша филиалының директоры Еркебұлан Ғабдығапаров Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз брифингінде мәлімдеді.

"  Оқу жылы 6 модульден тұрады. Әр модульді офлайн және қашықтан оқыту форматы қарастырылған. Мұндай тәсіл білім алушыларға оқу материалдарын арнайы кесте бойынша ыңғайлы түрде игеруге мүмкіндік береді. Оқуға өтініш білдіретіндердің арасындк мемлекеттік қызметшілер, мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылатын ұйым өкілдері, квазимемлекеттік сектор мамандары, сондай-ақ мәслихат депутаттары бар",- деді Е.Ғабдығапаров.

Үміткерлер 1 жылдық екі бағдарлама бойынша оқуға түсе алады. Олар: «Executive MPA – Executive Master of Public Administration – Мемлекеттік басқару» және «Өңірлік даму – Master of Regional Development». «Мемлекеттік басқару» білім беру бағдарламасына үміткерлердің басшылық лауазымда кемінде 2 жыл жұмыс өтілі болуы қажет. Ал «Өңірлік даму» білім беру бағдарламасына түсушілердің жалпы жұмыс өтілі кемінде 2 жыл болуы тиіс. 

Айта кетейік, аталған оқу процесі 2025 жылдың 13 қаңтарында басталады.

Анықтама үшін: үміткерде құжаттарды тапсыру кезінде мемлекеттік тілді меңгеру деңгейі В1-ден төмен емес екенін растайтын Qazaq resmi test немесе Қазтест сертификаты болуы қажет. Сондай-ақ қажетті құжаттар тізімін admission.apa.kz сайтында көрсетілген.