Қызылқоға ауданы Шүкір Еркінов атындағы орта мектептің ұлдар дәретханасына бейнекамера орнатуға қатысты ақпаратқа түсінік берілді, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
"Мүліктің бірнеше рет бүлінуіне, сондай-ақ орта мектептің дәретханасында орын алған ұсақ бұзақылық фактілеріне байланысты Ш. Т. Еркінов атындағы орта мектепте қолжуғыштарға бағытталған бейнекамераны орнату қажеттілігі туындады. Бұл ретте ешкімнің құқығы бұзылған жоқ. Орнату туралы шешім мектеп әкімшілігімен және қамқоршылар кеңесінің басшысымен бірлесіп қабылданды. Шара тәртіпті сақтау және одан әрі бұзақылық фактілерінің алдын - алу мақсатында қабылданды. Камераның жазбасын тексеру тек менің құзіретімде", - деді мектеп директоры Қалиева Тәттігүл.
Қазіргі уақытта Атырау облысының білім беру басқармасы камераны алып тастау туралы шешім қабылдады. Басқарма жанынан осы фактіні зерделеумен айналысатын комиссия құрылды. Нәтижелер туралы қосымша хабарланатын болады.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ