Атырауда мектеп автобустарының техникалық жағдайы тексеріліп, анықталған кемшіліктер бойынша мектеп директорлары әкімшілік жауапқа тартылды, деп хабарлайды ATPress.kz
Атырау қаласындағы мектептер мен интернаттарға балаларды апаратын барлығы 11 автобус бар. Тәртіп сақшылары автобустардың техникалық жағдайын, нақтырақ айтқанда, сары жарқылдауық маяктың бар болуын, тану белгілерін, артқы есіктердің қолжетімді болуын, дәрі қобдишасын, өрт сөндіргішті, сондай-ақ көлік дөңгелектерінің резеңкесін тексерді.
"Тексеру нәтижесі бойынша қауіпсіздік ережесі тиісті жағдайда болмағандықтан, аталған орта білім беру ұйымдарының директорларына, атап айтқанда ҚР ӘҚБтК-нің 590 бабы 8 бөлімімен яғни «Көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу» бойынша – 2 азаматқа, ҚР ӘҚБтК-нің 617 бабы 1 бөлімі (Техникалық ақаулары бар көлiк құралдарын пайдалануға шығару және пайдалану қағидаларын өзге де бұзушылықтар) бойынша- 1 азаматқа, ҚР ӘҚБтК-нің 619 бабы 1 бөлімі (Көлік құралдарын, сол сияқты тиiстi санаттағы көлік құралдарын басқару құқығы жоқ не одан айырылған жүргiзушiнi көлiк құралын басқаруға жiберу) бойынша 1 азаматқа әкімшілік хаттама жасақтады" делінген хабарламада.
Сондай-ақ 1 қоғамдық көлік жүргізушісіне құжаттары жоқ және басқару құқығы жоқ адамның көлiк құралын басқарғаны үшін хаттама толтырылған.
Айта кетейік, 14-23 ақпан аралығында Атырау облысы аумағында «Балалардың жолдағы қауіпсіздігі» атты жедел-алдын алу іс-шарасы өтуде.