Атырау облыстық аумақтық сайлау комиссиясының мәліметінше, Сенат сайлауында әр деңгейдегі мәлихаттардың 132 депутаты дауыс беруі тиіс еді.
Бүгін, 14 қаңтарда мұнайлы шаһардағы Құрманғазы атындағы мәдениет үйінде өткен сайлауда Атырау қалалық және жеті аудандық мәслихаттың 119 депутаты дауыс беруші ретінде тіркелді. Ал, 13 депутат белгілі себептермен сайлауға қатыса алмады. Сондай-ақ, байқаушы ретінде 16 адам тіркелген. Олар – саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктердің, кандидаттардың сенімді өкілдері. БАҚ өкілдері де бар.
Атырау облысынан Сенат депутатының сайлауына қатысу үшін 6 адам өзін-өзі ұсынған. Оның арасында 1 әйел, 5 ер адам болған. Кейін бір адам соттылығы жойылмағаны, не алынып тасталмағанына байланысты тіркелген жоқ. Ал, кейін екі кандидатты тіркеудің күші жойылды.
«Сенат сайлауында 3 кандидат тіркелді. Кандидаттардың ішінде 1 әйел, 2 ер адам бар. Кандидаттардың 2-еуі – мемлекеттік кәсіпорын мен мекеменің, ал, 1-еуі – мәслихат аппаратының қызметкері. Олар заңгер, ауыл шаруашылығы және білім саласының қызметкері мамандығын алған. Олардың орташы жасы – 57-де», -деп мәлім етті облыстық аумақтық сайлау комиссиясынан.