Қазір маса улау бригадалары көпқабатты тұрғын үйлердің жертөлелері мен подъездеріне дәрі шашып жатыр, деп хабарлайды AtyrauPress.
Атыраулықтар қараша айы басталса да масаның азаймай отырғанын айтып, шағымдануда. Ал мамандар болса мұны күннің күрт жылынуымен байланыстырып отыр. Бүгін сынап бағанасы 20 градусқа дейінгі жылулықты көрсетті.
"AG Dezinfection Services" ЖШС директорының орынбасары Нұрлыбек Ахмедьяров дәрілеу жұмыстары көктемде басталып, қара күзге дейін жалғасатынын айтты. Қазіргі кезде таңнан кешке дейін 2 бригада дәрі шашумен айналысуда. Серіктестік құрамында жалпы 9 бригада бар. Осы уақытқа дейін қалада бар мыңнан астам үй кезең-кезеңімен кесте бойынша масаға қарсы дәріленді.
Зиянды қанаттыларды анти-инсекта, амизон, ФосЛАД-50, ФосЛадин деген жаңа препараттармен улауда. Өйткені масаның ағзасы бір дәріге тез үйренеді. Сондықтан оны мезгіл сайын өзгерту керек. Бүркуге қолданылатын барлық препарат мемлекеттік сараптамадан және сынақтардан өткен.
Нұрлыбек Ахмедьяровтың айтуынша, Атырауда масаның үш түрі бар. Олар: Каспий теңізінің жағасында көбейетін, ірі Caspius aedes, үй ішіндегі Culex pipiens және Pipiens pipiens.
Айта кетейік, биыл Атырауда қансорғыш жәндіктерді улауға 50,4 млн теңге бөлінді.
Эльмира МЫҚТЫБАЕВА