Атырауда маркетплейстерге бақылау күшейді

Атырау облысы Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жыл басынан бері 240-тан астам өтініш келіп түсті. Бұл — өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 175% артық,- деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Тұтынушылар арасында сапасыз тауар, сипаттамасының сәйкес келмеуі және интернет-дүкендердің қаражатты қайтарудан бас тартуы бойынша шағымдар жиі тіркеледі. Осыған байланысты Wildberries, Kaspi және Ozon маркетплейстерінің өкілдерімен жедел байланыс тетіктері жолға қойылды.

- Жыл басынан бері түскен өтініштің тоқсанға жуығы оң шешімін тапты. Биылғы екі айдың қорытындысы бойынша тұтынушыларға 1 260 000 теңге көлемінде қаражат қайтарылды,- деді облыстық Сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаментінің бас маманы Медет Құспанов. 

Мамандардың айтуынша, департамент баға үстемесін бақылап, жәрмеңкелер өткізуді және тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыруды жалғастыра бермек.

Фото freepik