Мамандандырылған медициналық мектеп-интернатын ашу келесі жылға жоспарланып отыр. Бүгінде жобаны жүзеге асыру концепциясы жасалуда. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында тікелей эфир кезінде айтты, деп хабарлайды AtyrauPress.
Оның айтуынша, биология, химия, физика сияқты пәндерді тереңдетіп оқытатын мамандандырылған медициналық мектеп-интернаты 7 сыныпқа өткен оқушыларға арналған.
«200-300 орындық медициналық оқу орны ашылған кезде медицина саласындағы кадр тапшылығын кезең-кезеңімен шешеміз деп үміттенеміз. Мұнда оқушылар биология, химия, физика пәндерін тереңдетіп оқып, мамандандырылған медициналық жоғары оқу орындарына түсуге дайындалады. Қазіргі уақытта тұжырымдама әзірленуде, бірақ біз келесі жылы ашуды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ, Атырауда Астрахань медицина университетінің филиалын ашқымыз келеді», - дейді Жасұлан Бисембиев.
Мұнайлы өлкеде 200-ге жуық дәрігер тапшы. Негізінен – реаниматологтар, онкологтар мен гинекологтар. Өкінішке қарай, облыс әкімінің орынбасары арыз-шағымдардың көп болуына байланысты көптеген дәрігерлер басқа салаға кетуге мәжбүр екенін алға тартты.
«Медицина қызметкерлерін ынталандыру үшін біз жылдық 5% бастапқы жарнасыз ипотекалық бағдарламаны іске қосуды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ жас мамандарға берілетін жәрдемақыны 9 миллион теңгеге жеткізгіміз келеді. Қазір бұл сома Атырауға келген дәрігерлер үшін 3 миллион теңге, өңірлер үшін 5 миллион теңге. Көктемде біз осындай шешім қабылдағанда жәрдемақы мөлшері біздің облысымызда ең жоғары болды. Ал қазір Қарағанды мен Қостанайда дәрігерлерге төленетін жәрдемақы мөлшері 6 -7 миллион теңгеге көтерілген. Бұл бәсекенің бір түрі десе болады. Өйткені барлық жерде дәрігерлер жеткіліксіз. Бұған мектеп бітірушілердің медициналық мамандықты сирек таңдайтыны себеп шығар», - деп түйіндеді ол өз сөзін.
Эльмира МЫҚТЫБАЕВА
Фото: freepik.com