Қазір атпен мал бағатын емес, цифрландыру заманы, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Біз елде ауыл шаруашылығы саласын реттеудің жолдары туралы білікті ғалымдардан сұрастырғанбыз. Ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, экономист Мұхит Дүйсеғалиев өз ойын айтып, қазіргі ахуалды ғалымның көзімен болжады.
– Шындығына келгенде, әлеуметтік маңызды азықтүліктің тең жартысын өзіміздің отандық өндірушілер де өтей алады. Бұл үшін ауыл шаруашылығын толықтай цифрландыру керек. Бұрынғы ата-бабамыз секілді ат үстінде мал бағудан арылатын уақыт келді. Жаңа технологияны енгізіп, тиімді жұмыс жасағанға не жетсін?! Меніңше, ауыл шаруашылығын кооперативтік негізде дамытқан дұрыс. Сонау 50-60-жылдары кеңес өкіметі кеңшар мен ұжымшар құрып жатқанда, дамыған елдер кооператив құрған екен. Бұл арқылы шаруа қожалықтарын бақылауда ұстауға болады. Әйтпесе, қазір кейбір шаруалар бір сәтте мыңғырған малын сатып жіберіп, ақшаны шұлыққа тығып, кәсібін жауып жатады. Ал, бұдан тұрақты өсім бола ма?! – дейді Мұхит Жоламанұлы.
Жалпы, бұған дейін отандық өнім жөнінде ұрандатқанмен, нақты өндірген ештеңеміз болмағаны анық. Тіпті, желіде тараған қант қызылшасын тиеп, қаңтарылып тұрған жүк көліктерін қабылдайтын қант зауыты да болмады ғой. Біз үшін секер дегеніміз – жай ғана құмшекер. Ал, одан тамақтың ең қымбат түрлері жасалатынын екінің бірі біле бермейді.
– Тек біздің елде емес, бүкіл әлемде қазір азық-түлік қауіпсіздігіне қатты көңіл бөлінуде. Ал, оның бағасын, менің пікірімше, белгілі бір мерзімге тұрақтандыру мүмкін емес. Өйткені, сырттан тасымалданған тауардың бағасын қуып жете алмаймыз. Мысалы, іргедегі Ресейдің ұлттық валютасын алсақ, оның бағамы біздің ақшамыздан екі есе жоғары. Сондықтан, ол жақтан келетін тауар бәрібір қымбатқа келеді. Қымбатшылықты тамырымен жою үшін, ең алдымен, ауыл шаруашылығына Үкімет тарапынан түбегейлі өзгерістер керек. Әсіресе, желге ұшқан субсидияның орнына өнім өндіруге қажет технология алып, зауыттар ашса қандай пайда берер еді, – дейді сарапшы.