Индерде жылына 500 сиырға есептелген мал бордақылау алаңы ашылды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Жасыратыны жоқ, өндірісті өңірге еттің жартысынан көбі сырттан әкелінеді. Сондықтан қазір жергілікті мал өсірушілер отандық өнім қуатын арттыруға ден қойып келеді. Бұған мемлекет тарапынан да қолдау бар екен. Сондай көмекке ие болғандардың бірі «Жаманқұдық» бордақылау алаңын ашқан «Асыл-Агро» шаруашылығы. Мұнда тұрған 150 жылқы күйлері жақсарған соң, облыс орталығындағы базарларға саттыққа шығарылмақ. Ал, жалпы мыңға дейін мал ұстауға мүмкіндік бар.
«Күні-ертең 200 тайөгіз әкеліп, жаңа жылда тағы жүз жабағы алдырамыз деп отырмыз. Осылайша, мал басы жарты мыңға да жетіп қалар. Мал бірден оңалып кетпейді, оған аз дегенде 4-5 ай кетеді. Біз тек жемге ғана шығындаламыз. Ал, шөп өзімізде өседі» дейді шаруа жетекшісі Асылбек Бауыржанұлы.
Бұрын мемлекеттен қолдау болмағандықтан бордақылау алаңын ашуға көп ешкім қызықпапты. Енді мәселе басқаша. Яғни, мал бордақылау алаңдарын салған шаруашылықтың шығынының 25 пайызын мемлекет өтемек. Сондай-ақ, өндірілген өнімге бөлек өтемақы төленеді. Тасымал жемнің де 40 пайызына субсидия беріледі. Ал, «Асыл-Агро» шаруашылығы әзірге өз күшімен болса да, Жайық өзенінен 18 шақырымдық тұщы су құбыры мен Құрылыс ауылынан табиғи газ желісін тартып, жерасты суын тұшытатын қондырғы орнатып үлгеріпті. Енді мал сою цехын ашуды жоспарлап отыр. Алдағы уақытта аймақта осындай үш алаң ашылады деп жоспарлануда.