Атырауда мәхірге Hyundai Accent автокөлігін сұраған

Әлеуметтік желіде неке қию кезінде қалыңдыққа талап ететін мәхір сыйлығы қызу талқыланып жатыр.

Оған себеп мәхірге қымбат автокөлік сұраған қыз бала туралы әңгіме болса керек.  Осыдан кейін желі қолданушылардың мәхірге қатысты пікірі екіге жарылды. Олардың бірі оның мүлдем қазақы дәстүрімен қабыспайтынын айтса, енді бірі мұсылманшылықта бар бұл салттың ұлтымызға  да жат дүние емес екендігін білдіруде.
Шынында мәхір деген не? Ол қандай мөлшерде берілуі тиіс? Берілмесе, неке толық бола ма? Атыраулықтар қанша мәхір сұрайды?  ATYRAUpress  тілшісі осы және өзге де сауалдарға жауап алмақ болып Атырау облыстық Иманғали мешітінің ұстазы Наркес Бохановпен  тілдесті.
 

 Наркес Боханов, мешіт ұстазы:

«Некенің үш шарты болса, мәхір оның ішіне кірмейді. Дегенмен, мәхір беру - уәжіб, яғни міндет. Жалпы мәхір дегеніміз – әйел кісіге күйеуінен талап етілетін шариғат бекіткен бір құн, яғни сыйлық. Мәхірдің ең аз мөлшері он дирхамнан кем болмауы керек. Ол шамамен 4,25 грамм алтынның бағасы, былайша айтқанда 80-90 мың теңгедей қаржы.  Одан да қымбат мәхір берсе рұқсат етіледі»


Мешіт ұстазының айтуынша, хадисте келгендей, ең қайырлысы аз көлемде берілген мәхір екен. «Қыз ренжімейтіндей өте аз, жігіт ренжитіндей өте қымбат болмауы керек. Сол үшін оның жағдайға қаралып бекітілгені жақсы» дейді Наркес Боханов.
 

Наркес Боханов, мешіт ұстазы:

«Атырауда мәхірге көбіне-көп алтын алқа немесе сырға сұрайды. Hyundai Accent автокөлігін сұрағанын да көрдім.
Мәхірді бірден беру шарт емес. Жігіт оны кейін бөліп берсе де, қыз мәхір тағайындалғаннан кейін оны арзандатып не болмаса кешіруіне де болады.  Тағы бір ескерер жайт, мәхірді қалжыңдап сұрауға болмайды. Өйткені, Пайғамбарымыздың хадисінде: «Неке қиюдың қалжыңы да шын, шыны да шын» деген. Айтылған сөз қабылданады.  Сол үшін неке қиюға барар кезде жастар өзара ақылдасып алғандары дұрыс».