Атырауда мұз үстімен жүруге бола ма?

Құтқарушылар тұрғындардан мұз үстіндегі қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауды сұрайды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Атырау облыстық ТЖД қызметкерлері өзендерде мұздың қалыңдығы 25 сантиметрге жетпейінше, су бетіне шықпау керектігін ескертеді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі мәлім етті. Бүгінде облыс аумағында республикалық «Мұз – 2024» үгіт-профилактикалық акциясы аясында тұрғындарға күнделікті түсіндірме жұмыстары жүргізілуде.

Мұздың жұқа жерлеріне шығуға, мұздың қауіпті учаскелерінде топпен жиналуға, ойық пен жарықтарға жақындауға, балаларға мұз үстіне шығуға болмайды. Мұздың қалыңдығы 25 сантиметрден кем болған кезде мұз астында балық аулауға, мұз бетімен жүруге тыйым салынады.

Тұрғындар қауіпсіздік қағидаларын бұзып, орындамаған жағдайда әкімшілік жауапкершілікке тартылады. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 412-бабына сәйкес жеке тұлғаға 26 мың теңге көлемінде айыппұл салынады. Кәсіпкерлік субъектілерге салынатын айыппұл көлемі 10 АЕК пен 60 АЕК аралығында.

- Атырау қаласы мен Жылыой ауданындағы 3 суда құтқару станциясының мамандары тәулік бойы кезекшілікте. Атырауда – 10 , Құлсары қаласында – 5 құтқарушы мұз үстіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуде. Жұма,сенбі, жексенбі күндері облыс бойынша кезекшілікке 100-ге жуық маман шығады. Жұмыс барысында балықшыларға, жағада жүрген азаматтарға ескерту жасап, ережелерді түсіндіреміз, - деді облыстық ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері Ардақ Утенов.

Қазіргі уақытта облыс орталығында қала әкімдігі тарапынан Жайық өзенінің бойынша 115 ескерту белгісі орнатылған .

Айта кетейік, былтыр 2023-2024 жылдың күз-қыс айларында суға түсіп кеткен 6 адам құтқарылған. Өкінішке қарай, жыл басынан бері мұз үстіне шыққан 3 адам мерт болды.

Сәуле МАҒАУ