Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Әбіл Жоламановтың айтуынша, өңірде «мүгедек» маңдайшалар мен «жарымжан» жарнамалар әлі де болса азаймай тұр, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
– Тілдік ахуалға әсер ететін фактордың бірі – көрнекіліктерде мемлекеттік тілді пайдалану мәселесі, - дейді басқарма басшысы. – Осы орайда, «Лимон», «Насиха», «Ярмарка», «Шаңырақ» сияқты ірі сауда орталықтарында, қонақ үй, банк, мейрамхана, дәмхана мен басқа да қоғамдық орындарда тиісті түсіндіру жұмыстары жүргізіліп отырады. Бірақ, кәсіпкерлердің өздері де мемлекеттік тілге деген жанашырлықтарын танытып, ортақ жұмысқа атсалысса, жақсы болар еді.
Аймақта көрнекі ақпарат саласын ретке келтіру үшін былтыр басқарма мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының облыстық филиалы арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Жылдық жұмыс жоспары бекітіліп, іске асуда.
Ал, биыл қоғам белсенділерімен жүргізілген зерделеу жұмыстары барысында 148 нысанда ҚР «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңының 21-бабы талаптарының бұзылғандығы анықталды.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ
Фото: иллюстратив