Атырауда әлеуметтік нысандарға жылу берілді

Биыл жылыту маусымы жылдағыдан әлдеқайда ерте басталды. Жылда 15 қазаннан бастап жылу берілетін. Бүгіннен бастап әлеуметтік нысандарға, ал 9 қазаннан бастап көппәтерлі тұрғын үйлерге жылу беру үшін тиісті хат жолданған, деп хабарлайды AtyrauPress Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап. 

Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясының бөлім басшысының орынбасары Қайрат Хабиев жылу беру маусымы алдында 1228 көпқабатты тұрғын үй сынақтан өтіп, дайындығы пысықталғанын айтты. Жалпы биылғы жылыту маусымына бөлінген қаражат құны 727 миллион 471 мың теңге.

- Осы жылы жылыту маусымына бөлінген қаражатқа тозығы жеткен көп қабатты тұрғын үйлердің жалпы ұзындығы 8 800 метрді құрайтын жылу және ыстық су құбырларына жөндеу жасалды. Жұмыстарға бөлінген қаражат көзі 300 миллион 463 мың теңге. Сондай-ақ биыл 12 жылу беру бекеттеріне қажетті 6 дана жылу қазанын, 12 дана генератор, 4 дана жылу алмастырғыш және 27 сорғы құрылғысы сатып алынды. Бұған бөлінген қаражат 143 млн теңге. Бұған қоса бөлімнің теңгеріміндегі 11 орталық жылыту бекеті «Атырау Жылу Жүйелері» АҚ-на сенімгерлікке беріліп, осы жылу маусымына күтіп ұстауға 284 млн теңге бөлініп, аталған мекемемен келісім шарт жасақталды. Бүгінде қажетті жұмыстар атқарылуда, - деді Қ.Хабиев. 

Сондай-ақ «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Атырау өндірістік филиалының директоры Еркебұлан Кенжеғалиев өңір тұрғындарын жылу беру маусымы кезінде табиғи газды пайдалануда барлық қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырды.

- Тұрғындарға ең бірінші кезекте қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырамын. Алдымен түтін мұржаларын, желдету арналарын, жылыту жүйелерін мұқият тексеріп, содан кейін барып пайдаланғандарыңыз абзал, - деді Е.Кенжеғалиев.

Айта кетейік, бүгінде облыс тұрғындарының 99,8 пайызы табиғи газбен қамтылған.