Атырауда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы бақылауда

Облыстық кәсіпкерлік басқармасы басшысының орынбасары Нұрдәулет Жұмаситовтың айтуынша, 1 қаңтардан бастап қосылған құн салығының өсуі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасына әсер еткен жоқ. Кәсіпкерлерді қолдау мақсатында бөлшек сауда салығының мөлшерлемесі 4 пайыздан 2 пайызға дейін төмендетілді.

«Өңірде баға тұрақтылығы сақталып отыр. Кәсіпкерлерді қолдау үшін бөлшек сауда салығының мөлшерлемесі 4 пайыздан 2 пайызға төмендетілді. Бұл – бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу бағытындағы әкімдіктің басты қолдауларының бірі. “Атырау” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясымен бірлесіп, халыққа қолжетімді бағамен өнім ұсынатын сауда нүктелері ашылып жатыр», – деп атап өтті ол.

Қала аумағында облыс әкімдігі мен «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының қолдауымен ашылған «Otbasy» шаруа қожалығының онға жуық сауда павильоны жұмыс істейді. Бұл нүктелерде көкөніс өнімдері бірізді әрі тиімді бағамен сатылуда.

Шаруа қожалығының атқарушы директоры Эльдар Әбижановтың айтуынша, 2026 жылы қосымша сауда нүктелерін ашу жоспарланып отыр. Сонымен қатар кәсіпорын демалыс күндері өтетін ауыл шаруашылығы жәрмеңкелеріне тұрақты түрде қатысады.

Ал «Мясной гастроном» дүкендер желісінің және «Халил ұста» ет дүкенінің сауда нүктелерінде сиыр етінің жауырын және төс бөліктері 1 келісі 2 598 теңгеден сатылуда. Сатушылардың айтуынша, ет өнімдері тұрақты жеткізіліп тұрады және сұраныс жоғары, әсіресе зейнеткерлер тарапынан. Дегенмен, мамандар шаруалардың етті бөлшектеп сатудан гөрі көтерме бағамен өткізуді жиі таңдауы қолжетімді сауда нүктелерінің санын арттыруға кедергі келтіріп отырғанын айтады.

Алдағы уақытта әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары «Клубничный рай» дүкендер желісінде де сатылатын болады. Желінің иесі Бибігүл Биғалиева қолжетімді бағаны ұстап тұруға мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау мүмкіндік беретінін атап өтті.