Атырауда КВИ індеті басталғалы бері 62 мыңнан астам адамнан инфекция анықталған

Бұл туралы облыстық Қоғамдық кеңестің кеңейтілген отырысында облыстың бас дәрігері Асхан Байдуәлиев мәлімдеді, деп хабарлайды ATPress.kz.

Атырау облысында індет басталғалы бері 2 млн 54 мың ПТР зерттеу жүргізіліп, 62 мың 578 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды. Оның 61 мың  583-і аурудан жазылып шықты.

- Облыс бойынша 17 наурыз бен 20 маусым аралығында эпидемиологиялық жағдай тұрақтанған болатын. Алайда 21 маусымда КВИ-дің жаңа жағдайы анықталды. Мәселен, 21-30 маусым аралығында КВИ-дің 15 жағдайы, ал 1-19 шілде аралығында 310 жағдайы тіркелді. Соңғы тәулік ішінде 36  жағдай, ал соңғы аптада орташа есеппен тәулігіне 3 жағдай тіркелген. Соңғы екі аптаны салыстырғанда аурушаңдық саны 4 есе өсіп отыр, - деді Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы А.Байдувалиев.

Қазір облыста коронавирус инфекциясын емдеуге жұмылдырылған 333 инфекциялық төсек орын бар болса,  соның ішінде 33-і жансақтауға арнап жасақталған.

19 шілде күнгі жағдай бойынша, жалпы инфекциялық стационарда 33 науқас ем алып жатыр.  Оның ішінде №2  Атырау облыстық ауруханасында - 28, жан сақтау бөлімінде - 1, Жылыой аудандық ауруханасындағы инфекциялық стационарда - 4, Құрманғазы аудандық ауруханасындағы инфекциялық стационарда - 1 науқас ем алып жатыр. Жалпы инфекциялық стационар төсек-орын жүктемесі 9,9%-ы, жан сақтау бөлімінің төсек-орын жүктемесі 3,0%-ы құрап отыр.

Айта кетейік, бүгінгі күні амбулаторлық бақылауда 272 науқас бар. Ал үй жағдайындағы науқастар 137 мобильді бригаданың бақылауында.