Атырауда КРІ компаниясы маркалық ассортимент санын 12 маркаға дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр

"Kazakhstan Petrochemical Industries Inc. газ-химия кешенінің бас директоры-басқарма төрағасы Данияр Тиесов қызметкерлер алдында есеп берді. Басқарма төрағасы 2023 жылдың атқарылған жұмыстарды баяндап, биылға жоспарларымен бөлісті. Кездесудің басты мақсаты - қызметкерлерді өндірістік, шаруашылық, кадрлық және әлеуметтік жұмыстардың нәтижелері туралы хабардар ету. Жиында басшы қызметкерлер тарапынан қойылған барлық сауалға жауап берді, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
 Ең алдымен басқарма төрағасы еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау көрсеткіштеріне тоқталды. 2023 жылы өндірістік жарақаттың алдын алып, еңбек қауіпсіздігі мәдениетінің деңгейін арттырудың мақсатында "Қорғау" жобасы енгізілген. Ол қауіпті факторларды уақытылы анықтап, жоюға көмектеседі. 2024 жылдан бастап, барлық қызметкер мамандығы мен лауазымына қарамастан «Қорғау» картасын толтыруға міндетті.
 
- "KPI" ЖШС мен компанияға қарасты мердігер мекемелерде өндірістік жарақат, кәсіптік аурулар және жол көлік апаты тіркелген жоқ. Бұның артында ұжымның еңбегі жатыр және бұл бағыттағы жұмыстар жалғаса береді,-деді Данияр Тиесов.
 
"Kazakhstan Petrochemical Industries Inc. былтыр еліміз бен әлемде сұранысқа полипропиленнің 7 маркасын игерді. Биыл маркалық ассортимент санын 12 маркаға дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр.
 
- 2023 жылдың қортындысы бойынша біздің ішкі клиентіміздің саны 58-ді құрады. Импорт болса, бір жыл ішінде 45%-ға қысқарды. Біздің зауыттың іске қосылуы өнеркәсіп пен халық үшін полимер шикізатының қолжетімділігін арттырды деп сенімді түрде айта аламыз. Бұл көрсеткішті одан әрі де азайтып, еліміз бен шетелдің біздің
полипропиленді тұтынуын көбейту үшін жоспарланған жаңа маркаларды уақытылы игеруіміз қажет. Оған қоса, қайта өңдеушілермен бірлесіп даму бағдарламаларын енгізуіміз керек,-деді ол.
 
КРІ компаниясында қызметкерлердің алаңсыз жұмыс істеуі үшін әлеуметтік қолдау бағдарламасы бар. Оның ішінде мектеп керек-жарақтарын сатып алуға, мүмкіндігі шектеулі балалары бар қызметкерлерге көмек және тағы басқа жәрдем түрлері қарастырылған. Зауыт 2024 жылдан бастап отбасы мүшелерінің бәрін ерікті медициналық сақтандыру бойынша тіркеуге мүмкіндік берді. Ең төменгі жалақы мөлшерінің 85 000 теңгеге дейін өсуіне байланысты баланың өмірге келуіне, балабақша мен мектеп ақысын төлеуге арналған өтемақы мөлшерін де ұлғайтты.
 
- Серіктестік тоқсан сайын ұжым әл-ауқаттын бағалау мақсатында әлеуметтік тұрақтылық рейтингін зерттеу жүргізеді. 2023 жылдың 3 тоқсанының қорытындысы бойынша рейтинг 78% құрады. Көрсеткіш 2022 жылмен салыстырғанда 5% өскен. 2024 жылы рейтингті 85%-ға дейін арттыруды жоспарлап отырмыз,- деді Данияр Тиесов.
 
2023 жылдың 8 қарашасынан бастап "KPI INC."БҰҰ-ның Тұрақты даму бағдарламасының 11 бағытын таңдап алды. Әр бағыт бойынша жобаны іске асыруға мүмкіндік беретін жол картасы әзірленіп, бекітілді. Сонымен бірге, 1 тамыздан компанияда Ішкі сервисті жақсарту бағдарламасы да жұмыс істеп келеді. Бағдарламаның мақсаты - бөлімшелер мен қызметкерлер арасындағы ішкі коммуникацияны жақсарту, корпоративтік мәдениетті қалыптастыру, өз функционалдық міндеттерін орындау кезінде жауапкершілікті арттыру.
Басқарма төрағасы Данияр Тиесов компанияның былтыр шілдеде Мақат мұнай және газ технологиялық колледжімен кадрларды даярлау жөніндегі меморандумға қол қойғанын, оның аясында қыркүйек айында студенттерді оқытудың дуалды жүйесі енгізілгенін, 10 студент арасында іріктеу жүргізіліп, іріктеу қорытындысы бойынша 2 студент осы бағдарламаға қабылданғанын айтты.
 
- Дуалды оқыту арқылы студенттердің теориялық білімін практикамен ұштастырып, мұнай-химия саласында білікті кадрлар даярласақ дейміз. Егер студенттер жақсы нәтиже көрсетсе, жұмысқа алып қалғымыз келіп отыр. Одан бөлек, Атырау мұнай және газ университетімен де бірлескен жұмыс жүріп жатыр, - деді ол.
 
Кездесу соңында басқарма төрағасы биыл компания мен ұжым алдында өндірісті тұрақтандыру және кепілдік сынақтарынан өту мақсаты бірінші кезекте тұрғанын жеткізді. Ол өндірістік көрсеткіштерге қол жеткізу, апаттық жағдайларды болдырмау, ұжымның әлеуметтік жағдайын қалыпты деңгейде ұстап тұру, полипропилен жеткізу географиясын кеңейту мен экспортты ұлғайту да биылғы басты жоспарлардың бірі екенін атап өтті.
 
Сондай-ақ, жиында компанияның кәсіподақ ұйымы 2023 жылы атқарылған жұмыстар туралы баяндады.