Атырауда көші-қон заңнамасын бұзған 300-ден аса шетел азаматтары анықталды

Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Заңсыз көші-қонды ұйымдастырушылар мен оның арналарын анықтау және жолын кесу, шетелдіктермен көші-қон заңдылықтарының сақталуына бақылау жүргізу, сот шешімдерімен Қазақстан Республикасынан тысқары шығарылған және Қазақстан Республикасында болу мерзімдері бұзылған шетелдіктерге қатысты шаралар қабылдау мақсатында Атырау облысында 27-31 қазан күндері «Мигрант» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді.

- Іс-шара барысында көші-қон заңнамасын бұзған 300-ден аса тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 211 шетелдік азамат Қазақстан Республикасының Халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзғаны үшін жауапқа тартылды. Сонымен қатар, ҚР ӘҚБтК-нің 518 бабы бойынша 126 азаматқа, ҚР ӘҚБтК-нің 519 бабы бойынша 7 азаматқа қатысты әкімшілік хаттама толтырылды - деді, Атырау облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары полиция полковнигі Абдіғани Сейдуалиев.

Айта кетейік, іс-шара кезінде құқықбұзған 37 шетел азаматы азаматтық іс жүргізу және әкімшілік тәртібімен ҚР аумағынан шығарылды. Жеке басын анықтайтын құжаттардың болмауына байланысты 61 Өзбекстан Республикасының азаматы қабылдау-тарату орнына орналастырылды.