Атырауда көпқабатты үйдің жертөлесі рұқсатсыз талқандалып жатыр

«Алмагүл» шағынауданындағы № 10 үйдің жертөлесі заңсыз түрде кәсіпкерге сатылып кеткен. Кәсіпкер жертөлені бірнеше жерден тесіп, есік шығарған. Енді тұрғындар үйіндінің астында қалып кетпейміз бе деп дабыл қағып отыр, деп  хабарлайды AtyrauPress.

Кәсіпкер өз ісін дөңгелетпес бұрын үй тұрғындарынан рұқсат сұрамаған. Кейінірек үй тұрғындарының қарсы еместігін білдіретін және жалған қолдары қойылған құжаттың барын білген халық ашуға булықты. Жөндеу жұмыстарының салдарынан бірінші қабаттағы пәтерлердің қабырғалары жарыла бастапты. Бұл үйді тұрғындар тиыннан теңге жасап жиған ақшасына сатып алған. Ипотекаға рәсімдегендері де бар.

Баспанасының ертеңгі күніне алаңдаған халық бұған дейін де бірнеше есікті қағып, көмек сұраған. Алайда ешқандай да құзырлы мекеме нақты жауап айта алмаған. Тіпті, олар «Egov» порталы арқылы хат жолдап, мемлекеттік сәулет құрылыс бақылау басқармасынан ол жерде құрылыс жүргізуге рұқсат берілмеген деген жауап берген. Әу баста жертөледе оқу орталығы болады делінген. Бірақ қазір онда екі сырахана саудасын қызу жүргізіп жатыр. «Көп ұзамай мұнда үшінші сырахана пайда болады, кім көрінген келіп кететін орынға айналады» деп тұрғындар наразылық танытып отыр.

Бұл үйге мектеп жақын орналасқан. Осы үйден білім ұясына баратын балалар да көп. Үлкендер жағы алкогольді ішімдік сататын дүкеннің жұмыс істеуіне қарсылық білдіріп, бармаған жері жоқ.

Қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысының орынбасары Фараб Қуанышқалиевтің айтуынша, жертөленің ішін ғана бірнеше бөлікке бөлуге рұқсат барын айтты. Ал бірнеше есік шығарып, қабырғаны бұзғандары заңсыз деді ол. Яғни атқарылып жатқан жұмыс құжатқа сәйкес емес. Ал кәсіпкер ол жерлердегі есіктерді бұған дейін болды деп көрсетіпті.

«Кәсіпкер жертөлені бөлуге ғана рұқсат алған. Тексеру жүргіземіз. Ал мынау сыраханаларды ашуға біз рұқсат бермедік. Тұрғындар қазір қала әкімдігінің өкілдеріне ұжымдық арыз жазды. Соның негізінде біз тиісті мекемеге хат жолдаймыз, - деді Ф.Қуанышқалиев.

Ашуға булыққан тұрғындармен сөйлесуге кәсіпкер келген жоқ. Расын айтқанда оның кім екені де белгісіз. Тұрғындар тарапы құрылыс тоқтамаса, жауаптыларды да, кәсіпкерді де  анықтап, сотқа береміз деген шешімге келді.

 

Мира НҰРТАЕВА