Атырауда көпбалалы аналар марапатталды

Атырауда 60 көпбалалы ана «Алтын алқа» және «Күміс алқамен» марапатталды, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында атыраулық 11 ананы «Алтын алқамен», 49 ананы «Күміс алқамен» марапаттау салтанаты өтті.

   Ұрпағының санын арттырып, ел демографиясына үлес қосқан ақ жаулықты аналарды Атырау қаласы әкімінің орынбасары Нұржан Ермұқанов құттықтап, аналарға Алтын және Күміс алқалар табыстады.

  - Сіздерді біздің қоғамдағы бірліктің, жасампаздық пен тұрақтылықтың бейнесі деп білеміз. Бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербеген көп балалы аналар қауымы ел ертеңіне нәр, тіршілікке әр беріп келеді. Қазақ халқы әрқашан отбасылық құндылықтарды жоғары қойған. Әсіресе алтын құрсақты аналарды халқымыз ерекше қадірлейді. Отбасының алтын діңгегі болып, тағылымды тәрбие, ізгі дәстүрлер сабақтастығын жалғап жүре беріңіздер, -  деді қала әкімі.

 

Іс-шара барысында ақ жарма тілектер айтылып, көпбалалы аналар мемлекет тарапынан ана мен балаға жасалып отырған қамқорлыққа алғыстарын айтты.

  Айта кетейік, «Алтын алқа» наградасы жыл сайын жеті және одан да көп, ал «Күміс алқа» алты бала тәрбиелеп өсірген аналарға беріледі.