Атырауда консультативтік кеңес құрылғалы бері өңірде қаржы бұзушылықтар азайған

Бұл туралы Атырау облысы бойынша Тексеру комиссиясы жанынан тұрақты жұмыс істейтін Консультативтік кеңестің төрағасы Амангелді Абдолов мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Облыста өткен жылы қазан айында тексеру комиссиясы жанынан тұрақты жұмыс істейтін Консультативтік кеңес құрылып, ережесі бекітілген. Кеңестің құрамына мәслихат депутаттары, қоғамдық ұйым өкілдері, тексеру комиссиясының өкілдері бар. Оның негізгі мақсаты – өңірдің қаржылық тәртібін нығайту, халық жеткізе алмаған сауалдарды қоғам белсенділері арқылы ортаға салып талқылау, тексеру комиссиясымен берілген ұсыныстар мен тапсырмалардың ден қою шараларын мейлінше ұлғайту.


- Өткен жылы Консультативті кеңес бірнеше отырыс ұйымдастырып, онда мемлекеттік аудиторлық іс-шара кезінде анықталған жүйелі бұзушылықтар мен оның себеп салдары туралы мәселелер кеңінен талқыланды. Оның ішінде, аудиторлық іс-шара қорытындысымен берілген ұсыныстардың орындалыстары, жергілікті бюджетке түсетін түсімдер бойынша аудиторлық іс-шаралардың орындалысы, білім беру және денсаулық сақтау саласындағы бұзушылықтар мен кемшіліктер, ауыл әкімдерінің қызметінің тиімділігі сынды мәселелер қозғалды. Нәтижесінде, Кеңес мүшелері мемлекеттік аудит және сараптамалық-талдау іс-шаралары барысында анықталған бұзушылықтармен кемшіліктерді жою жөнінде шаралар қабылдау үшін тексеру комиссиясына және мемлекеттік аудит объектілерінің басшыларына бірнеше ұсыныстар енгізді, - деді А. Абдолов.


Тексеру комиссиясының төрағасының айтуынша, жүйелі анықталған бұзушылықтардың алдын алу мақсатында өңіріміздің есепшілеріне семинар өткізіп, оқыту жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ облыс бойынша әр көтерілген мәселеге аса мән беріп, айтылған ұсыныстар мен тапсырыстардың орындалысына қадағалау жүргізіп отыратынын айтты.