Облыс орталығында соңғы кезде көлік нөпірі жиілеп кетті. Оны жою үшін жолдар жаңартылуы тиіс, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Сонымен, жол қозғалысын қалыпқа келтіруге не кедергі?
«Қазір Әуезов, Азаттық, Датов көшелері мен Атырау-Индер тасжолының 10 шақырымы қайта жаңартылуда. 4,5 шақырымға созылған Әуезов, Азаттық көшелері мен Балықшы шағынауданының Зарослый ауылына дейінгі автокөлік жолы биыл пайдалануға беріледі. Ал, қалаға қарасты Еркінқала-2, Еркінқала, Балауса, Ракуша, Томарлы, Бірлік, Алмалы, Зарослый-1 ауылдарының 163 көшесіне тасжол төселмек. Жалпылай алғанда, құрылыс-монтаждау шараларына 15,97 млрд теңге қажет» дейді Атырау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің басшысы Әлібек Мұханбетәлиев.
Еске сала кетсек, «Атырау қаласын дамытудың кешенді жоспары» жасақталған болатын. Соның аясында Жастар көшесі («Көктем» сауда үйінен Еркінқала ауылына дейін), Әбілқайыр хан даңғылынан Сарықамыс шағынауданы арқылы өтетін жолдар қайта жаңғыртылады. Бүгінде Бейбарыс даңғылынан Атырау-Астрахан тасжолы аралығына, Нұрсая шағынауданының №16 көшесі арқылы Бейбарыс және Әбілқайыр хан даңғылдарын біріктіретін Сарыөзек пен Алмалы ауылішілік жолдарын салуға мемлекеттік сатып алу конкурсы ойнатылады. Алдағы жылы да 19,9 млрд. теңгеге 32,7 шақырымдық жол құрылысы жалғасын таппақ.
Айтпақшы, өткен жылы мұнайлы астанамызда жол салуға қолданылған құрылыс материалдарының 17 пайызы жарамсыз екен. Ал, бұл өз кезегінде төселген тасжолдың тез тозып кетуіне себепші екен. Демек, аймақтағы жолдардың сапасыздығына тек табиғи фактор ғана кінәлі емес.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ