Атырауда көктемгі әскерге шақыру жалғасуда

Атырау облысының қорғаныс істері жөніндегі департаменті биылғы көктемде 18-27 жас аралығындағы 700-ге жуық азаматты әскерге шақыруды жоспарлап отыр. Әскерге шақыру науқанын сапалы, әрі уақтылы орындау мақсатында комиссия әр шақырылушыны жеке-жеке қарастырады. Олардың отбасы жағдайы сарапталып, денсаулығының жарамдылығы басты назарға алынады. Әдеттегідей Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Мемлекеттік күзет қызметінің бөлімшелері, содан кейін Қарулы күштердің, Төтенше жағдайлар министрлігінің және Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының әскери бөлімдері жасақталады.   – Қазіргі уақытта көктемгі әскерге шақыру науқаны қызу жүріп жатыр. 18 жасқа толған азаматтар тұрғылықты жері бойынша жергілікті әскери басқару органдарында медициналық комиссиядан, психологиялық тесттерден және жеке әңгімелесуден өтуде. Осы жылдың көктемінде облыстан 700-дей ер-әскерге азаматты шақыру жоспарланған, – дейді тәрбие және идеологиялық, әскери-патриоттық жұмыстар басқармасының бастығы – Қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары подполковник Асхат Айтенов. Әскери бөлімдерді жасақтау аумақтан тыс қағидаты бойынша жүзеге асырылатын болады. Сонымен бірге, іріктеу және әскери бөлімдерге бөлу кезінде шақырылушылардың білімі мен алған мамандығы ескеріледі. Көктемгі мерзімді әскери қызметке шақыру науқаны маусым айының соңында аяқталады.