Атырауда көктайғақ: ахуал қалай?

Желтоқсанның 20-сы күні еліміздің батыс өңірлерінде көктайғақ болды деп хабарлайды AtyrauPress.

Осыған байланысты желтоқсанның 20-сына қараған түні Батыс Қазақстан және Ақтөбе өңірлерінде республикалық маңызы бар тасжолдардың бірнеше учаскелері жабылды.

Атырау облысында да биылғы қыс мезгіліндегі алғашқы көктайғақ тіркелді.

Алайда, "ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясының мамандары Ақтөбе-Атырау-Астрахан күрежолының жабылмағанын мәлімдеді.

Атырау облысында көктайғақтың салдарынан жарақат алғандар жоқ. Бұл туралы облыстық аурухананың зақым, жарақат бекетінің бөлім меңгерушісі Асхат Бейсенғалиев хабарлады. Оның айтуынша, синоптиктер көктайғақ болатыны туралы хабарлағалы бері бірде-бір адам жарақатпен келмеді.

- Ауруханаға зақым мен жарақат алып түскен адам жоқ. Өзім де таңқалып отырмын. Соған қарағанда қала жолдары аса тайғақ емес деп пайымдап отырмын. Мәселен, ақпан айында қатты көктайғақ болды. Сол кезде күніне 70-80 адам қабылдап отырдық: қолы, аяғы, білек сүйегі сынып, басынан жарақат алып келгендер көп болды. Әсіресе, қолын зақымдағандар жиі тіркелді. Өйткені адам құлағанда қолын тірейді. Қазір ауруханаға тәулігіне 50 адам түрлі жарақаттар бойынша шағым айтып келеді, - дейді А.Бейсенғалиев.

Қыс мезглі енді басталды. Алда әлі де көктайғақ болуы мүмкін. Сондықтан дәрігерлер мұндай күндері мейлінше ыңғайлы аяқ киім киіп, қауіпсіздікті сақтаған жөн деп кеңес береді.

Синоптиктер 19-20 күні көктайғақ деп ескерткенімен, мектеп оқушылары бүгін таңертең сабаққа барды. Қалалық білім бөліміндегілер барлық мектептерде таңертең сабақ жалғасын тапқаны жайлы хабарлады.

 

 

Э.МЫҚТЫБАЕВА.

С.ПАНАБЕРДИЕВ.