«Өркен» ипподромында көкпардан облыстық чемпионат басталды. Атырау облысының бес ауданынан келген командалар мықты атағы үшін бақ сынауда, деп хабарлайды AtyrauPress.
Әр құрамада сегізден он екіге дейін қатысушы бар. Ойындар тартысты өтіп, қатысушылар өздерінің күшін, жылдамдығын және шеберлігін көрсетіп, көпшілік көрерменнің назарын аударуда.
Көкпар күштілік мен мықтылықты сынайтын спорт болғандықтан көкпаршылардың дайындығы осы додада білінеді. Әр командадағы 8-12 көкпаршы 30-33 келі серкені көтеріп қана қоймай, аттың құлағында ойнап, ептілігін дәлелдейді. Атырау облыстық көкпар федерациясының атқарушы директоры Руслан Төлегеннің айтуынша, ұлттық спортты дамытып, жастар арасында кеңінен насихаттауды мақсат еткен сайысқа қатысушылар жақсы дайындалған.
– Жеңімпаздар 1–9 мамыр аралығында Алматы облысында өтетін республикалық чемпионатқа жолдама алады. Сондай-ақ оқу-жаттығу жиындары да жоспарланған. Облыстық жарыстар спортшыларға өз мүмкіндігін көрсетіп, келесі деңгейге шығуға жол ашады. Алдағы уақытта мұндай турнирлерді жыл сайын өткізу көзделіп отыр, – деді Р. Төлеген.
Қызылқоға ауданының «Сағыз» командасы алғашқы ойындарда-ақ жақсы нәтиже көрсетті. Олар Атырау қаласының «Арман групп» командасын 6:1 есебімен жеңіп, қанжығасын майлады.
– Чемпионат жоғары деңгейде өтіп жатыр, қарсыластар да жақсы дайындалған. Ойын барысында қорғаушыларымыз сенімді ойнап, шабуылшылар өз міндетін орындады. Жарысқа бір ай дайындалдық: аттарды жылдамдыққа, тоқтауға және бұрылуға баулыдық. Бұл – бүкіл команданың ортақ жеңісі, – деді жеңімпаз команданың ойыншысы Мейірбек Ақымов.
Финалдық кездесулер ертең, 5 сәуір күні өтеді. Оның қорытындысы бойынша алғашқы облыстық чемпионаттың жеңімпаздары мен жүлдегерлері анықталады.

Іс-шараның негізгі мақсаты — ұлттық спортты дамыту, көкпар ойынын насихаттау, жастарды дәстүрге баулу және салауатты өмір салтын қалыптастыру.
Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ақшалай сыйлықтар табысталады:
1 орын — 500 000 теңге,
2 орын — 400 000 теңге,
3 орын — 300 000 теңге,
4 орын — 200 000 теңге,
5 орын — 100 000 теңге.
Сондай-ақ арнайы номинациялар қарастырылған, олардың жеңімпаздарына 100 000 теңгеден беріледі: «Үздік шабуылшы», «Үздік ат», «Үздік қорғаушы».
Іс-шараны ұйымдастырушы — Атырау облыстық көкпар федерациясы.
Жанат Шаяхметова
Фото: Ерлан Алтыбаев