Атырауда әкімдік шырша бағасына қатысты түсініктеме берді

Атырау қаласының әкімдігі әлеуметтік желіде тараған «жаңа жылдық бір шыршаға мемлекет бюджетінен 40 миллион теңгеге жуық қаражат кеткен» деген ақпараттың жалған екенін мәлімдеді, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

"Бір шыршаға бар-жоғы 1 миллион теңгеден астам қаражат кетеді. Бұл – шыршаны безендіруге арналған конкурстың ең төменгі бағасы. Сонымен қатар, Атырау қаласының мәслихат депутаттары бірлесе 1, 2-топ мүгедектігі бар және ерекше балаларымызға мерекелік шара ұйымдастырып, көңілашар сыйлықтармен қуантуды ойластырудамыз" дейді шаһар басшысының орынбасары Нұржан Ермұханов.

Бұдан бұрын жазғанымыздай, көпшілікке мерекелік, көтеріңкі көңіл-күй сыйлау мақсатында Атырау қаласының әкімі Шәкір Кейкинұлының тікелей бастамасымен қала аумағында 18 метрлік бес шырша бой көтермек.

"Шыршалар Исатай-Махамбет, халықаралық әуежай, теміржол вокзалы алаңдарынан және Балықшы мен Вокзал маңы мөлтекаудандарынан орын теппек. Бұдан бөлек, 12 метрлік (Сұлтан Бейбарыс алаңында) және 9 метрлік ( Махамбет Өтемісұлы атындағы академиялық қазақ драма театры алаңында) шыршалар да бар. Сондай-ақ, биылғы ерекше жобамыз – Абай көшесінде «Жұлдызды аспан» жарық шамдар жүйесі іске қосылады деп күтілуде" деді Н.Ермұханов.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ