Атырауда әкімдік сұйытылған газға қатысты түсініктеме берді

Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің  тоқсан сайынғы сұйытылған мұнай газын  жеткізу кестесіне сәйкес, Атырау облысының ішкі нарығына 2023 жылдың 3 тоқсаны, қыркүйек айына Атырау мұнай өңдеу зауытынан  5 мың  063 тонна газ бөлінді, деп хабарлайды AtyrauPress.

Атырау облысы Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы тарапынан берілген ақпаратқа сәйкес, жалпы облысқа 9 000-10 000 тонна газ қажет. Оның  3 мың 280 тоннасын  газбен жабдықтаушы мекемелер тасып алды. Ендігі кезекте 1 мың 783 тонна тасымалданбақ.  

«Жалпы зауыттағы газдың тәуліктік өндірісі штаттық режимде 500 тоннаны құрап келді. Соның ішінде Министрліктің бекітілген кестесіне сәйкес, автокөліктер арқылы 100 тоннасы Атырау облысының ішкі нарығына, 100 тоннасы Батыс Қазақстан облысының ішкі нарығына, ал 300 тоннасы теміржол жолы арқылы Ақмола, Қостанай облыстарына жөнелтілуде. Осыған байланысты облыстағы ішкі нарықта сұйытылған мұнай газының жетіспеушелігін болдырмау мақсатында Атырау облысы әкімдігімен ҚР Энергетика министрлігіне, зауытқа ұсыныстар жолданып, тиісті жұмыстар жүргізілді. Нәтижесінде зауыттағы тәуліктік өндіріс көзі 500 тоннадан 650 тоннаға дейін өсіп, Атырау облысының ішкі нарығына жөнелтілетін көлем 100 тоннадан 250 тоннаға дейін ұлғайды. Бұл өз алдына газ бекеттеріндегі ұзын-сонар кезекті қысқартуға және талонмен босатуды жоюға бағытталды», - делінген Атырау облысы Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы жіберген хабарламада. 

Сонымен бірге облыс әкімдігі тарапынан ішкі нарықты газбен жабдықтау мақсатында Министрліктен қосымша газ көлемін бөлу жөнінде ұсыныс хаттар жолданып, қазір қарастырылуда. Бекеттерде газдың қалдық қоры 195 тонна (күнделікті қажеттілік 200-250 тонна). Сонымен қатар, «ТШО» ЖШС-нен де ішкі нарықты мұнай газымен қамтасыз ету бойынша  сұраныс хат жолданды. 


Мира НҰРТАЕВА

pixabay.com