Осыдан үш жыл бұрын өңірде саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөнінде арнайы комиссия құрылған болатын. Осы уақытқа дейін аталған комиссияның күшімен көптеген жұмыс атқарылды. Соған қарамастан, қиындығы мол, жауапкершілігі зор ізденіс пен зерттеу ісі әлі де біраз уақытты қажет ететінге ұқсайды. Бұл – біз тілдескен комиссия мүшелерінің ортақ ойы, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Сонымен, мүйізі қарағайдай ғалымдар үш жылда не тындырды?
«2020 жылы құрылған комиссия мүшелері талай сарғайған қағаздың шаңын қағып, сырын ақтарды. Облыстық мұрағатта өткен ғасырдың жиырмасыншы және елуінші жылдар аралығындағы құжаттардан отыз шақты қор жасақталды. Мұның артында осы қорды жинақтауға үлес қосқан отыздан астам жергілікті және жиырмадан аса өзге өңірлердің мұрағатынан келген ғалымдар мен комиссия мүшелерінің зор еңбегі жатыр. Олар солақай саясаттың құрбаны болғандар туралы тың мәлімет іздеумен айналысып, сол кездегі тарихи жағдайларға қатысты нақты деректермен толық танысты» дейді облыстық мемлекеттік архивтің бөлім басшысы Раиса Тастемірова.
ӘЛІ АҚТАЛМАҒАН 23 АДАМ БАР
Ал, тарих ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Серік Қуаныштың айтуына қарағанда, құпиялығы алынған деп айтылатын құжаттар шын мәнінде әлі күнге дейін құпия сақталып отыр. Яғни, оларды еш жерде жариялауға болмайды деген сөз.
– 1920-1950 жылдар аралығындағы құжаттардың көпшілігі осыған дейін құпия болып келді, - дейді ол. – Қазір олардың құпиясы ашылғанымен, айналымға енуі оңай болмай тұр. Мәселен, ел Президенті архивіндегі құжаттардың құпиялығы алынды дегенімен, шын мәнінде әлі алынған жоқ. Ал, онда жақсы тарихи дүниелер, атап айтсақ, молдалардың суреттері бар. Біз оны әлі күнге шейін жариялай алмай отырмыз.
Сондай-ақ, тергеу құжаттары мен хаттамалар да баршылық. Сол кезеңде қанша молда болды және олар қалай қудаланды десек, біздің зерттеу жұмысымыз бойынша тек қана Гурьев облысы бойынша 993 адамның тізімі шығып тұр. Бұлар – сайлау құқығынан айырылғандар. Біз қазір отызыншы жылдары болған «үштік», «екілік», «бестік» секілді соттан тыс органдардың шешімдерін тауып отырмыз. Онда сексен адамның тізімі бар. Оның 65-і қазақ ұлтынан және ислам дінінің өкілдері болып табылады. Сондай-ақ, қазақ, татар және орыс моладалар да бар. Ал, негізі осыған дейін 45 дін өкілі атылғаны айтылып келген-ді.
Бұдан басқа, әлі ақталмаған 23 адамның тізімін шығардық. Олардың көбісі 5-15 жыл мерзімге сотталып кеткендер. Бір бөлігі еңбекпен түзеу лагеріне, енді бірі ит жеккенге кеткен, яғни, Сібірге немесе басқа жаққа жер аударылған. Кейде бір облыс ішінде ауданнан ауданға, болмаса, қаладан ауданға жіберілген. Атылған адамдардың құжаттары кезінде Ұлттық қауіпсіздік комитетінде сақталып келсе, қазір Президент архивіне берілген.
Жер аударылғандарға қатысты мәліметтерді қарасақ, көбі халық сотымен сотталғанын көруге болады. Яғни, сол кезде әр аудан мен елдімекендерде халық бай-кулактардың тұқымы мен дін өкілдерін антисоветтік элементтері үшін өздері соттап, жер аударып жіберіп отырған. Олардың, әсіресе, ауылдық жерде тұрғандардың құжаттары көп жағдайда араб тілінде кездеседі.
МЕШІТТЕР ҚОРАҒА АЙНАЛДЫ...
«Кеңестік, жалпы, коммунистік идеологияның өзі оған дейінгі діни идеологияның орнына келді деп айтуға болады, - дейді ғалым С.Қуаныш. – Коммунистік көсемдердің дәрежесі пайғамбарлармен бірдей болды деуге боалды. Сондықтан кеңес үкіметі ислам болсын, христиан болсын, бәрін де өздеріне басты идеологиялық қарсылас ретінде көрді. Екіншіден, кеңес билігі осы кезде болып жатқан, әсіресе, отызыншы жылдардағы халық қозғалыстары кезінде соның басы-қасында жүргендердің көзін құртты. Ал, дін өкілдері көтерілістің басында болмаған күннің өзінде көтеріліске идеологиялық сипат береді деп саналды.
Сол кездегі билік мешіттің бәрін бұзбаса да, қораға айналдырып жіберді. 1943 жылы Ұлы Отан соғысы кезінде дінге жеңілдік жасалды. Дін фашистерге қарсы соғыста кеңес үкіметінің одақтасына айналады. Сталин арнаулы патриархат құруға рұқсат берді. Осы кезде біздің Атырау қаласының мұсылмандары діни мешіттерді қалпына келтіру жөнінде қайта-қайта хат жаза бастады. Әсіресе, соғыс аяқталған соң, 1946-47 жылдары ондай хаттар көп жазылды.
Бұдан бөлек, қазақтар үшін киелі саналған аруақтарды ардақтауға тыйым салды. Киелі жерлердің арнайы тізімін шығарып, ол жерлерге адамдарды жібермеуге тырысты. Құрбан айттың кезінде айналасын қоршап, мүлде адам жібермеген. Шырақшыларды қудалап, түнеуге рұқсат етпеді. Осы әрекеттер жетпісінші жылдарға дейін жалғасты. Айтпақшы, архивтерді қарап отырып біз арабша жазылған құжат қағазарының сапасы өте төмен екенін байқадық. Орысша жазылған қағаздарды бірнеше рет оқуға тура келеді. Себебі, әркімнің жазуы әртүрлі болуына байланысты жазылған жайтты түсіну қиынға соқты. Сондай-ақ, бізде араб тілінің мамандары болмады, біз құжаттарды олардың өзіне апардық».
ЖЕР АУДАРҒАНДАР ЖАҚ АШПАҒАН
Тарих ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Нағима Сармурзинаның пікірінше, Атырауда жазықсыз жер аударылған немесе атылған азаматтарды ақтау ісіне нүкте қоюға әлі ерте.
– Жаз айларында аудандарды араладық, - дейді ол. – Кезінде темір торға тоғытылған, еңбекпен түзеу лагерлерінде жұмыс жасаған, басқа елдерден мәжбүрлі түрде жер аударылып келген және ұлт-азаттық көтерілістерге қатысқандардың ұрпақтарымен кездесіп, пікір алмастық. Айталық, кәріс ұлтының өкілдері 1937, немістер 1941 жылдары жер аударылған.
Бір қызығы, олардың ұрпақтары өздерінің ата-әжелері бұл жерге қайдан және не үшін көшіп келгенін білмейтін болып шықты. Бір неміс ұлтының өкілі ата-бабалары өз жерінде жақсы өмір сүргенін, кейін осында келген соң көп қиындық көргенін айтты. Тіпті, теміржол бекетінің басына барып асханалардан қалған картоп қабықтарын жеуге мәжбүр болған екен. Демек, кеңес үкіметі кезінде жер аударылғандар өз ұрпақтарына қуғын-сүргінге ұшырағандарын айтпаған.
Атырау облысы бойынша түрмеге жабылғандарды таптық, олардың бәрі ақталған. Бір өкініштісі, болмашы нәрсеге бола сотталып кеткендер көп екен. Мысалы, соғыстан жаралы болып оралған азамат саулығы болмаған соң қырық күндей ғана жұмыс жасаған. Ал, 1948 жылы Сталин колхозда жылдық 120 еңбек күнін өтемегендерді сегіз жылға жер аудару туралы жарлық шығарған. Әлгі азамат анықтама мен тиісті құжаттарды ұсынса да, ештеңе өзгерте алмаған. Ақыры, әйелімен бірге жер аударған. Ал, одан аман-есен оралды ма, жоқ па, белгісіз.
САЙЛАУ ҚҰҚЫҒЫНАН АЙЫРЫЛДЫ
Тарих ғылымдарының кандидаты Шахман Нағымұлы солақай саясат құрбандарын ақтаумен отыз жылдан бері айналысып келе жатыр екен.
«Мен негізінен азаматтарды сайлау құқығынан айыру мәселесін зерттедім. Бұны көп ешкім зерттей қойған жоқ. Екі жыл мұрағаттың майын тауысып, 5400 адамды анықтадым. Олардың тізімін облыстық прокуратураға беріп отырмыз. Бәрі де ақталуға тиіс. «Сайлау құқығынан айырылды» дейтін бұл – адамға қажеттінің бәрінен айырылды деген сөз. Олар жұмысқа алынбайды, балаларын мектептен шығарады. 1938 жылғы кеңес одағының конституциясында Сайлау құқығынан айыратын алты санат көрсетілген, олар – кулактар, сотталғандар, дін өкілдері және тағы басқа» дейді ол.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ