Атырауда әкім орынбасары тұрғындарды ұлттық киім киюге шақырды

5 қазанда Атырау қаласы күніне орай Исатай мен Махамбет атындағы орталық алаңда бірқатар мерекелік іс-шаралар өтеді, деп хабарлайды АtyrauРress тілшісі.

Бұл туралы брифинг барысында қала әкімінің орынбасары Нұрлан Ермұханов мәлімдеді. Оның айтуынша, Атырауда Қала күні 1-6 қазан аралығында тойлана бастайды. Бұл ретте, бірқатар ұйымдар мен барлық ауылдық округтерде мерекелік іс-шаралар өтеді.

"5 қазан күні таңертең Тұрғындар қалашығында шағын футбол ұйымдастырылады. Содан кейін сағат 11.00-ден 23.00-ге дейін орталық алаң сахнасында өнер ұжымдары өнер көрсетеді. Сонымен қатар, қалада қазақ ұлттық киімдерінің онкүндігі өтеді. Біз бұған барлық қала тұрғындарын қатысуға шақырамыз, жеңімпаздар қала күнгі концерт кезінде сахнада марапатталады. Сондай-ақ, біз азаматтарды осы күні алаңға ұлттық киіммен келуге шақырамыз. Қала күнін мерекелеу үлкен отшашумен аяқталады", - деді Ермұханов.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ