Бұл құрылғы бір мезетте 50 көлікті анықтай алады, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Атырау қаласы аумағында облысымызды қиып өтетін республикалық маңызы бар Атырау-Индер, Сағыз-Миялы, Құлсары-Теңіз тас жолдарында жиырма сегіз «Кибер-шериф» борттық аппараттық бағдарламаның кешені орнатылған арнайы авто патрульдер қызметін атқаратын болады.
- Аталған құрылғының бейнекамерасы 360 градуста көріністі бақылап, бір мезгілде 50 автокөлікті анықтай алады. Сонымен қатар, стационарлық және қозғалыс кезінде жылдамдықты шектен тыс асыру, қарсы бағытқа шығу, көрінбейтін мемлекеттік тіркеу нөмірлерін таққан, ұрланған көліктерді немесе борышкерлердің темір тұлпарын, уәкілетті мемлекеттік органдарымен тиым салынған көлік құралдарын автоматты түрде анықтайды. Анықталған құқық бұзушылық деректері полиция қызметкерлерінің қатысуынсыз, автоматты түрде базаға түсіп, электронды хаттама қаулысы 1 апта ішінде көлік иелерінің мекен жайларына жолданады,- дейді Атырау облысы ПД Жергілікті полиция басқармасының бастығы полиция полковнигі Ерлан Биғамбаев.
Жаңа толықтырулар қаңтардың 22-нен бастап 1 ақпанға дейін сынақтық режимде жұмыс жасайды, ал 1 ақпаннан бастап толығымен жүйеге енетін болады.
Айта кетейік, былтыр 344 жол-көлік апаты тіркелді. Соның салдарынан 94 адам қаза болып, 434 адам дене жарақатын алды. Ал республикалық маңызы бар жолдарда 5 ірі жол апаты болып, 16 адам жарық дүниемен қоштасты.
Мира Нұртаева