Атырауда ХҚКО-да шоколад пен жалауша таратылып жатыр

Бүгін Атыраудағы халыққа қызмет көрсету орталықтарында Қазақстан шоколады мен жалаушасы таратылып жатыр, деп хабарлайды AtyrauPress.

Биыл Қазақстан 13 жылдан кейін алғаш рет Республика күнін тойлайды. Бұл күн мереке қатарынан алынып тасталғанымен, биыл Президент Қасым-Жомарт Тоқаев оны қайтадан атаулы күндердің бірі етіп бекітті. Осыған орай, халыққа қызмет көрсету орталықтарына еліміздің азаматы үшін алғаш рет Қазақстан Республикасының паспортын алу сәті немесе 16 жасқа толып, жеке куәлігін алуға және ата-ана атанып, баласының туу туралы куәлігін алуға келгендерге шоколад пен жалауша сыйға берілуде.

“Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясы” КЕАҚ Атырау облысы бойынша филиалының басышысы Мұса Хайруллиев өзінің Facebook парақшасында Республика күні мерекесіне орай осында мерекелік акция өткізетіні жайлы қуанышты жаңалықты хабарлады.

- Осындай тамаша сәттерді есте қалдыру ниетімізбен, “Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясы” КЕАҚ Атырау облысы бойынша филиалы 25-қазан Қазақстан Республикасы күніне орай мерекелік акция өткізеді. Дайын болған құжаттарын жеке куәлігін, ҚР паспортын және туу туралы куәлікті алушы азаматтарға 21-қазан жұма күні Қазақстан шоколады мен кішкентай көк туымыз естелікке беріледі, - деп жазды М.Харуллиев.

Қызмет алушылар мемлекеттік рәміз атрибуты бар 1000-нан астам тәттілерді сыйға алып үлгерді. Іс-шара ел халқының бірлігін, алдағы ұлттық мерекені қолдау және отандастарымыздың патриоттық сезімдерін ояту мақсатында ұйымдастырылған болатын. Науқан бүгін кешке дейін жалғаспақ.


Мереке күндеріне байланысты сенбіде ХҚО-лар мен мамандандырылған ХҚО-лар әдеттегі жұмыс кестесі бойынша 18:00-ге дейін, ал кезекші ХҚО-лар 20:00-ге дейін қызмет істейтінін еске саламыз.


24 қазан күні тек кезекші және мамандандырылған ХҚО-лар жұмыс істейді. Бұл күні қызмет алушылар сағат 9.00-ден 13.00-ге дейін қабылданады.
23-25 қазан - демалыс күндері. 26 қазаннан бастап барлық орталықтар әдеттегі кесте бойынша жұмыс істейтін болады.