Атырауда «Халық қатысатын бюджет» жобасына ұсыныс қабылдау басталды

Пилоттық жобаға Атырау қаласының кез келген тұрғындары қатысып, ұсыныстарын бере алады, деп хабарлайды Атырау облысының өңірлік коммуникациялар қызметі.

Жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасын орындау аясында жүзеге асырылуда.
Бұл туралы онлайн  брифингте Атырау қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің бас маманы Раушан Башанова мәлімдеді.                                                                                                                                        - Атырау қаласында «Халық қатысатын бюджет» пилоттық жобасы 2020 жылдан бастап енгізілді.  Бүгінгі күнге дейін ережеге сәйкес келетін 3  жобалық ұсыныстардың жұмыстары толығымен аяқталып,  пайдалануға берілді. Ал, биыл ережедегі  талаптарға  сәйкес келген 5 жобалық ұсыныстарға мемлекеттік сатып алу конкурсы жариялануда. Мердігер мекемелердің жұмыстары заң талаптарына сәйкес келгеннен кейін жобалар ағымдағы жылдың желтоқсан айына дейін іске асырылатын болады. Қала тұрғындарынан келіп түскен жобалық ұсыныстарды қарауды, іріктеуді және шешім қабылдауды  жүзеге асыру үшін Сараптамалық кеңес құрамы құрылды, - деді спикер. 
Қазіргі уақытта қала тұрғындарынан келер жылға жобалық ұсыныстар жинақталуда. Ережелер Атырау қаласы әкімдігінің  интернет–ресурсында, Instagram, facebook  парақшаларында ұсыныстарды жолдау ережелері толықтай орналастырылды. Ұсыныстар ағымдағы жылдың 10 наурызына дейін қабылданатын болады. 
Айта кетерлігі, қала тұрғындары  ережеде көрсетілген  бағыттар бойынша ұсыныстар бере алады.
Олардың қатарында аумақты көгалдандыру,
 балалар ойыны және ересек тұрғындардың демалуы үшін жабдықтар мен конструкциялар орнату, жаттығу алаңдарын, футбол, баскетбол, волейбол алаңдарын, балалар ойын алаңдарын орнату, жөндеу және жарықтандыру бар.