Атырауда кездейсоқ өтіп бара жатқан адам бір отбасын құтқарып қалды

Жайық суына батып бара жатқан адамдардың қалай құтқарылғаны туралы атыраулық тұрғын айтып берді, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Қала тұрғыны Айсұлу Үсенбаева өзінің Facebook парақшасында ұлы екеуі суға батып кете жаздағаны туралы жазды. Абырой болғанда, олардың өмірін өзен маңынан өтіп бара жатқан ер азамат сақтап қалған.
Анасы ұлымен бірге Жайық өзенінің бойында серуендеп жүріп, «Авангард» шағынауданындағы қолдан жасалған көпірдің үстімен өтіп бара жатты. Кенеттен, бала бірден суға секіріп кетті. Мұны көрген анасы жалма-жан перзентін құтқару үшін баласының соңынан суға секірді.
«Мен қырағылығымды жоғалтып алдым. Не болғанын өзім де түсінбей қалдым. Баламның артынан суға секіріп кеттім. Оны су ішінен тапқаннан кейін мен жағаға алып шығуға тырыстым. Бірақ батпаққа батып бара жатқандай болдым. Мұнан соң баланы су бетінде ұстап тұрып, бар дауысыммен айқайлап, көмекке шақыра бастадым. Сол кезде біздің тұсымыздан өтіп бара жатқан ер азамат байқап, жүгіріп келді. Оған баланы ұстаттым да, ұлымның құтқарылғанын көріп өзіме келдім», - деді Айсұлу.
Баласын құтқару үшін шырылдаған ананың көп күш жұмсағындығы салдарынан өздігінен судан шығуы қиын болды. Оның ұлын жағаға шығарған адам енді әйелді құтқаруға жүгірді. Абырой болғанда, анасы да, ұлы да аман-есен судың жағасына шығарылды.
«Қорқып кеттім. Үсті-басымыз малмандай су, балшық болып үйге қайттық. Бізді үйге апарған такси жүргізушісіне де алғысымыз мол. Ол бізді осындай ұсқынымызбен көлігіне отырғызып, үйге жеткізді. Біздің арамызда көмек көрсетуге дайын осындай адамдардың бары қандай жақсы! Мен оларға оқиға орнында шын жүректен алғыс айта алмадым. Олардың денсаулығы мен амандығы үшін дұға етемін. Жаратқан жар болсын. Балаларыңызға қарап жүріңіздер!», деп жазды өзінің Facebook парақшасында Айсұлу Үсенбаева.
Құтқарушының кім екені белгісіз. Нағыз батыр тасада қалды.
Ал облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі оларға бұл оқиға туралы ақпарат түспегенін мәлім етті.
Қасиет Бахкерейқызы