Атырауда «Кемелдену жолындағы 5 қадам» атты облыстық ата-аналар форумы өтті

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылы 15 наурызда өткен Ұлттық Құрылтайда еліміздегі өзекті мәселелерді көтеріп, қоғамды алаңдатып отырған «Бес кеселге» (ақылсыздыққа дейін ойнау, нашақорлық, вандализм, зорлық-зомбылық және ысырапшылдық тақырыптарына) ерекше назар аударды. Осыған орай облыстық Білім беру басқармасы, қаладағы «Білім-Инновация» лицейлері мен ЖШС «Silk Way мектеп-лицейі» бірлесіп, ата-аналарға арналған облыстық форум өткізді, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі. 

Іс-шараға Атырау облысының прокуроры Бауыржан Жұмақанов, Атырау қаласы әкімінің орынбасары Нұржан Ермұханов, ҚР Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Жұлдыз Сүлейменова, «Білім-Инновация» халықаралық қоғамдық қорының вице-президенті Ержан Әубәкіров және 25 жылдық тәжірибесі бар педагог, бала тәрбиесі бойынша эксперт маман Елжас Ертайұлы қонаққа шақырылып, 600-ден астам ата-ана, білім беру ұйымдарының өкілдері мен жауапты мамандар қатысты.  

Форум барысында ҚР Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Жұлдыз Сүлейменова «Қауіпсіз қоғам – ортақ құндылық» тақырыбында баяндама жасап, қоғамдағы зорлық-зомбылықтың алдын алу, балалардың құқықтарын қорғау және ата-аналардың жауапкершілігі туралы маңызды мәселелерді көтерді.

"Қауіпсіз қоғам құру – бәріміздің ортақ міндетіміз. Бүгінде балалардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету – басты басымдықтардың бірі. Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, қоғамды алаңдатқан бес үлкен мәселенің қатарында зорлық-зомбылық пен вандализм бар. Өкінішке қарай, жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың көбеюі ата-аналар мен мектеп арасындағы байланыстың әлсіреуінен де туындайды. Біз бұл проблеманы бірлесе шешуіміз керек. Қазір  мәжілісте психологтарды лицензиялау, жалпы психологиялық қызметті дамыту туралы заң жобасын әзірлеп жатырмыз. Біздің ойымызша, психологтардың кәсіби төрт жылдық білімі, сонымен қатар сертификатталған лицензиясы мен бұған мемлекет тарапынан қолдау, субсидия бағдарламалары болуы керек. Осы заң жобасын қарастырып жатырмыз", - деді ол. 

Сондай-ақ форумға қатысушы Білім беру және мемлекеттік қызмет салаларының ардагері Злиха Дүйсекенова ата-аналарға қазіргі қоғамдағы өзекті мәселелер туралы жан-жақты ақпарат беру, балалардың қауіпсіздігі мен тәрбиесіне қатысты ортақ ұстанымдарды айқындау және отбасы мен мектептің өзара ынтымақтастығын нығайту басты назарда болу керектігін атап өтті.

"Бүгінгі жиын аса маңызды. Іс-шараға облыстан, оның ішінде аудандардан ата-аналар келіп қатысуда. Мақсат — өскелең ұрпақтың тазалығы, мәдениеті, білімі және осы қоғамдағы өзінің орнын білуіне бағытталған. Бұндай өзекті мәселелерді қамтитын шаралар әрі қарай да жалғасын табатынына сенімдімін", - деді З.Дүйсекенова.