Атырауда келесі жылыту маусымына 2 млрд теңге бөлінеді

Атырау қаласының әкімдігі келесі жылыту маусымына дайындықты ерте бастап кетті. Бұл жұмыстар үшін бюджеттен 2 млрд-тан астам теңге сұралып отыр, деп хабарлайды AtyrauPress.

-Қыс маусымына ертеден дайындалу қажет. Бұл мақсатта облыстық бюджеттен 2 млрд теңгеден астам қаржы сұрап отырмыз. Бәріңізге белгілі, қыста «Нұрсая» шағынауданының тұрғындары жылусыз қалды. Әбден ескірген жылу жүйелерін ауыстыру қажет. Сонымен қатар автономды жылу қазандықтарын да ретке келтіру керек.  Бұдан бөлек, қосымша қазандықтар, насостар мен тағы басқа қажетті жабдықтар жоқ, - деді қала әкімі Мейірім Қалауи.

Естеріңізге сала кетейік, былтыр желтоқсан мен биыл қаңтар айында «Нұрсая» шағынауданының тұрғындары жылу мен ауызсусыз қалған еді. Жылу қазандықтарындағы апатқа байланысты  көпқабатты үйлер, мектеп және басқа да нысандар жылу мен электр жарығынсыз отырды.

Айта кетейік, былтыр энергетика және ТҮКШ басқармасының берген ақпараты бойынша, жылыту маусымына 3,2 млрд теңге бөлінген. Оған 13 километр жылу, кәріз және 675 электр жүйелері, жөнделді. Десек те, бұл жұмыстар апатқа тосқауыл бола алмады.

 

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА