Бұл туралы AtyrauPress сайтының тілшісіне «Smart Qala» ЖШС-нің директоры Ләззат Досмағамбетова мәлім етті.
Қазір мұнайлы өлкеде смарт-карта жасату 500 теңге. Бұл 2018 жылдан бері қалыптасқан тұрақты баға. Ал жаңа жылдан бастап 300 теңгеге қымбаттамақ.
«Енді 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап смарт-карталардың бағасы 800 теңге болады. Мысал үшін айта кетейін, Астана мен Алматы қалаларында жол жүру карталары 1000-2000 теңгеден сатылып жатыр. Біз бес жыл бойы бағаны өсірмеуге тырыстық. Карта жасауға қажетті материалдың қымбаттауына байланысты бағаны көтеруге мәжбүр болып отырмыз», - деді Ләззат Досмағамбетова.
Бүгінгі күнге дейін ардагерлер, I және II топ мүгедектері, зағиптар мен құлағы естімейтін азаматтар үшін жол жүру картасы бес жыл бойы тегін шығарылып, толық қамтылды.
«Smart Qala» ЖШС-нің директоры Ләззат Досмағамбетованың айтуынша, егер балаңызға бір жыл ішінде төлем картасы жасалып, бірақ ол жоғалып қалса, қайта рәсімдеуге 1500 теңге төленеді. Баланы әкелудің қажеті жоқ. Ата-анасының құжаты мен баласы екенін растайтын құжаттар болса, жеткілікті.
Қоғамдық көліктерде I және II топ мүгедектері тегін жүреді. Ал III топ - жол ақысының жартысын төлейді. Қазір автобустардағы жол билетінің құны - 80 теңге.
Айта кетейік, «Smart Atyrau» коммуналдық мемлекеттік мекемесі ұсынған статистикаға сәйкес, тұрғындардың 90% картаны, ал 10% қолма-қол ақшаны пайдаланады.
Атыраулықтар «Smart Qala» картасын М.Төлебаев көшесі 44 А мекенжайына барып, жасата алады.
Эльмира Мықтыбаева
Фотоны түсірген автор.