Аймаққа арнайы келген бизнес-омбудсмен жергілікті кәсіпкерлердің мұң-мұқтажын тыңдады, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Айта кетейік, Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов пен «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Ербол Өстеміров өңірге жұмыс сапарымен келген болатын. Бизнес-омбудсменмен кездесу барысында айтылған өзекті мәселе – облыстың бірқатар кредиттік серіктестіктерінің «Атырау «Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» Ұлттық компаниясы» АҚ алдындағы берешегі.
Кредиттік серіктестіктерге кірген және ортақ жауапкершілікпен кредит алған облыс тұрғындары өзге әріптестердің қарыз төлемеуіне байланысты туындаған проблемаға тап болған сәттен бастап тоғыз жыл өтті, бұл олардың еңбек және кәсіпкерлік қызметіне кері әсерін тигізіп отыр. Көптеген ауыл кәсіпкерлері бірлескен қарыз алушылар қатарына кіріп, кредит серіктестігі бойынша серіктестерінің төленбеген несиелік міндеттемелері үшін толық жауап беретін жағдайдың құрбаны болды.
Бірнеше жыл болды олардың ешқайсысы өздерінің кәсіпкерлік қызметін жалғастыра алмай отыр, өйткені сот орындаушылары олардың шоттарына тыйым салды, мемлекеттік кірістер органдарында тіркеуге тыйым салынды, банктерден несие ала алмайды, елден шыға алмайды, тіпті кез-келген нотариаттық мәмілелер жасауға да тыйым салынды.
Кәсіпкерлер өз қарызын уақтылы төлеп отырған тұлғаларды ортақ жауапкершіліктен босатуға жәрдем көрсетуді және Шарт талаптарын бұзған жауапкерлерден қалған берешекті өндіріп алуды сұрайды.
«Бұл мәселені облыс әкімімен талқыладық, түбегейлі шешім мынадай: кредиттік серіктестіктің адал қатысушылары, яғни уақтылы төлем жасап отырғандар, жауапкершіліктен босатылады. Мәселені шешудің екі нұсқасы бар: біріншісі – ӘКК-мен келісім жасасу, екіншісі - сот арқылы. Дәл осындай жағдай Шығыс Қазақстан облысында да орын алған еді. Оңтайлы шешімді табыңыздар, кеше әкім бұл мәселені шешуге көмектесемін деп уәде берді» деді Рустам Жүрсінов.
Қабылдау барысында кәсіпкерлерден мемлекеттік органдар тарапынан орын алатын заңсыз тексеру және негізсіз қылмыстық қудалау жөнінде көптеген өтініш келіп түсті.
Мысалы, «Сенімді Құрылыс» ЖШС өкілдері бизнес-омбудсменге қылмыстық қудалау органдарының әрекеті нәтижесінде өздерінің қылмыстық сот ісін жүргізуге негізсіз тартылғанын айтып шағымданды.
Атап айтқанда, ағымдағы жылдың жазында «Теңізшевройл» ЖШС 3-ші буын зауытында су сынағынан кейін құбырды кептіру рәсімін жүргізу кезінде фланецті қосылыстың үзілуі орын алды. Нәтижесінде «Сенімді Құрылыс» ЖШС-нің 2 жұмысшысы қаза тауып, тағы 2 жұмысшысы жарақат алды.
Көптеген тергеу жүргізілді, нәтижесінде қайғылы жағдайдың орын алуына қызметкерлердің өздері себеп болған деп тапты, өйткені олар қауіпсіздік ережелерін өрескел бұзғаны анықталды, қылмыстық қудалау органдары компания өкілдерін негізсіз қылмыстық жауапкершілікке тарту әрекеттерін жалғастыруда.
«Мен Атырау облысындағы өкіліме осы мәселені облыстық прокуратура өкілдерімен бірлесіп пысықтауды тапсырамын. Жұма күні Бас прокуратураға жолдама жобасын дайындап, енгізіңіздер» деп тапсырды Рустам Жүрсінов.
Аталған бірқатар мәселелер бойынша Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов Атырау облысының кәсіпкерлер палатасына тиісті тапсырмалар берді. Республикалық деңгейде шешуді талап ететін мәселелердің бір бөлігі «Атамекен» ҰКП-на жіберілетін болады.
Жергілікті бизнестің проблемалық мәселелері Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов пен «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Ербол Өстеміровтің облыс басшылығымен, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментімен, облыстық прокуратурамен және облыстық сотпен кездесулерінде талқыланды.
Жалпы, Қазақстанның бизнес-омбудсмені Өңірлік кәсіпкерлер палатасының қадағалау және құқық қорғау органдарымен бизнес құқықтарын қорғау жөніндегі бірлескен жұмысына оң баға берді. Қорытындылай келе, облыста «Бизнесті қорғау және тартымды бизнес-ахуалды қалыптастыру экожүйесі» жобасы шеңберінде іс-шаралар жалғастырылатынын атап өтті.
Фото: Әсел ТҰЯҚБАЕВА