Қазақстан Республикасы Суретшілер Одағының мүшесі Камила Жапалованың 50 жас мерейтойына арналған «Сырғамның сыңғыры» тақырыбындағы шығармашылық көрмесі өтті, деп хабарлайды Атырау облысы Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Шығармашылық көрмеге зиялы қауым өкілдері, өнер адамдары, әріптестері, ағайын-туыстары, замандастары мен шәкірттері қатысты. Қылқам шеберінің мерейтойымен қала әкімі Мейірім Қалауи құттықтап, алғыс хат табыстады.
- Бүгінгі мерейлі жасыңыз әрі қала күніне орайластырып өтіп жатқан көрмеңіздің ашылу салтанаты құтты болсын! Камиланың әр суретінде үлкен философиялық ой жатыр. Ұлттық мәдениет пен дәстүр жалғастығын паш ететін туындылары да өте көп. Саусақпен санарлық өнердің бірі – батик жанры күрделілігімен ерекше. Әрине, орамалға балауызбен сурет салу оңай емес. Сурет өнерінің батик жанрын таңдауы да ешкімге ұқсамайтын өнер иесі екендігін байқатады. Ісіңізге табыс тілеймін,- деді М.Қалауи.
Автордың көрмеге 70-ке жуық кескіндеме және батик үлгісіндегі тың туындылары қойылған. Картиналардың сюжеттері әртүрлі, көбіне фольклорлық нақышта және лирикалық абстракцияда құрылған. Оларды біріктіретін элементтер – ұлттық реңк пен композицияның үйлескен ішкі ырғағын білдіреді. К.Жапалованың туындылары жинақталған «Сырғамның сыңғыры» атты каталогтың тұсауын кесу Алматы қаласынан келген «ҚР Суретшілер Одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Өмірбек Жұбаниязовқа тапсырылды.
Камила Жапалова батик өнерін Санкт-Петербург қаласынан үйреніп келген. Келе-келе қазақы нақышқа айналдырып бірнеше шет мемлекеттертерге көрмеге барған. Атап айтқанда, 2019 жылы Ташкент қаласында өткен «Aspara Fashion Week» халықаралық сән көрсетіліміне, 2020 жылы Швеция, Стокгольм қаласында «Stockholm International Fashion Fair» фестиваліне қатысқан. Ал бүгін жиналған көрерменге мерейтой иесінің өзі негізін қалаған «BATIKKAMI» брендінен авторлық сән үлгілерінен көрсетілімін ұсынды. Қылқалам шебері шығармашылық кеш соңын “Шексіз әлеммен сырласқан” тақырыбындағы көрмесінің лента қию рәсімімен аяқтады.
Айта кетейік, аталған көрме Абай орталығында қарашаның 7-не дейін жалғасады.