Ұлы Отан соғысының және Ішкі істер министрлігінің құрметті ардагері Қабдыраш Биғамбаевтың мемориалды тақтасы ашылды, деп хабарлайды AtyrauPress.
8 мамыр күні Атырау қаласы Махамбет көшесі, №118 г үйге Ұлы Отан соғысының және Ішкі істер министрілігінің ардагері Қабдыраш Биғамбайұлы Биғамбаев мемориалдық тақтасының ашылу рәсімі өткізілді.
Биғамбаев Қабдыраш Биғамбайұлы 1926 жылы Есбол ауданы Бөдене ауылында дүниеге келген. 1943 жылы Индербор поселкесіндегі орта мектепті тәмамдап, еңбек жолын Бөдене селосында орталау мектепте мұғалім болып бастаған. 1944 жылы Қызыл Армия қатарына шақырылады. Оңтүстік Орал әскери округына қарасты 13-ші атқыштар дивизиясының 365 атқыштар полкында курсант, бөлімше командирі болған. 92-ші атқыштар полкында бөлімше командирі. 16-шы атқыштар бригадасының 742-ші атқыштар полкының бөлімше командирі, аға писарь міндеттерін атқарды. Кемерово қаласындағы округтік курстарды өтеген соң 41-ші атқыштар бригадасында, 703-ші округтік авиациялық қоймада, 76-шы жеке ротада, 1140-шы және 699-шы жеке батальондарында іс жүргізуші, қойма бастығы, шаруашылық бөлімінің бастығы міндеттерін атқарған.
1949 жылы әскери қызметін Мурманск, Чкалов тағы басқа қалаларда өтеді.
Елге оралғаннан соң, 1959 жылдан бастап еңбек жолын ішкі істер органдарында қызмет атқарумен жалғастырған.
Ұлы Отан Соғысы мерекелік медальдарымен, «Мінсіз қызметі үшін» медалімен марапатталған.
Мемориалдық тақтаның ашылу салтанатына Қабдыраш Биғамбайұлының ұрпақтары сондай-ақ, ел бірлігін көтеріп жүрген азаматтар, құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен Атырау қаласының басшылығы қатысты.