Облыстағы бекітілген аңшылық алқаптарда аң аулау маусымы қыркүйекте басталып, ақпанның ортасына дейін жалғасады, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Күзгі-қысқы аңшылық маусымында жиі ауланатын аң-құстардың шамадан тыс азаюына жол бермеу және Қызыл кітапқа енген жануарларды қорғау шаралары ерекше назарда. Осыған байланысты облыстағы аңшылық алқаптарда бақылау және мониторинг жұмыстары күшейтілген режимде жүргізілуде. Аңшылыққа тек арнайы бекітілген аумақтарда және жолдамалар негізінде ғана рұқсат беріледі. Резервтік қорларда аңшылық жасауға қатаң тыйым салынған. Қазір аймақта 6 мыңға жуық аңшы тіркелген.
- 2021 жылдан бері аңшыларға Құрманғазы, Исатай және Жылыой аудандарында аң аулауға рұқсат етілген. Оған аңшылық куәлігі, жолдамасы және қаруға рұқсат қағазы болуы шарт. Маусым кезінде шалшықшы, кептер, шіл, суда жүзетін құстар, сондай-ақ жаннат тәрізді ит, түлкі, қоян, борсық және жабайы шошқаны белгілі уақыт аралығында ғана атуға рұқсат етіледі, - деді облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бас маманы Айберген Маратұлы.
Аң аулау қағидатын бұзғандарға ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 382 бабымен 5 АЕК көлемінде айыппұл салынады.
Фото: ru.freepik.com